Словенияда шахматтан жастар арасында рапид және блиц бойынша әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі сында Қазақстан жастары керемет жетістікке қол жеткізді. 36 елден 320-дан астам жас шахматшы бақ сынаған байрақты додада біздің жас өрендер блицтен 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жеңіп алса, рапидтен 3 күміс және 3 қола жеңіп алды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жеңістің ішінде Түркістан қалалық «Балалар және жасөспірімдер спорт клубының» (БЖСК) шахматшысы Асия Асылханның үлесі ерекше. Ол күміс жүлдегер атанды. Бапкері Асхат Майкотов, спорт нұсқаушылары Қуанышбек Жұмадуллаев пен Алима Пашанованың жетекшілігімен Асия әлемдік деңгейдегі жарыста тамаша өнер көрсетті.