Бүгін аудан әкімдігінде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қатысуымен аграрлық сала өкілдері және кәсіпкерлердің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының аграрлық салаға қатысты басым бағыттарын түсіндіру, сондай-ақ аудан шаруаларының өзекті мәселелерін талқылау болды.
Мәжіліске Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы – Серік Рахметоллаұлы Егізбаев, сондай-ақ партияның орталық аппарат қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, агроқұрылым иелері мен кәсіпкерлер, сондай-ақ сала басшылары қатысты.
Жолдаудың негізгі бағыттары мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесуді аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев ашып, қысқаша баяндап өтті.
Өз сөзінде: «Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығын дамыту – ел экономикасының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің басты тірегі. Осы бағытта ауданымызда нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі жиын осы жұмыстарды одан әрі жүйелеуге мүмкіндік беретінін», – атап өтті.
Әрі қарай Серік Рахметоллаұлы Егізбаев ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа бағыттарына тоқталып, аграрлық бизнесті цифрландыру, жаңа технологияларды енгізу және фермерлерге қолдау шаралары жөнінде кеңінен баяндама жасады.
Сонымен қатар, жиында Бәйдібек ауданының экономикалық дамуы бойынша арнайы дайындалған бейнематериал көрсетіліп, жас кәсіпкерлер мен аудан шаруаларының тың жобалары таныстырылды.
Атап айтқанда:
Күлішов Махамбет – «Үйрек фермасы» жобасы;
Қамбар Ертуған – «Қоян бағы» жобасы;
Надирханов Тұрсынбек – «Бөдене шағын фермасы» жобасы;
Күлішов Елдос – «Күркетауық фермасы» жобасы бойынша баяндама жасап, өз бастамаларын ұсынды.
Жергілікті шаруалар тарапынан ауыл шаруашылығына субсидия беру тетіктерін жетілдіру, жас кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жеңілдету, сондай-ақ өнім өткізу нарықтарын кеңейту мәселелері көтерілді.
Тың бастамалар мен нақты ұсыныстар: Кездесуде қатысушылар ауыл кәсіпкерлігін дамытудың жаңа бағыттарын қарастырып, нақты ұсыныстар білдірді.
Мәжіліс барысында «Ауыл» партиясының жұмыс тобы шаруалардың сауалдарына жауап беріп, алдағы уақытта көтерілген ұсыныстарды республикалық деңгейде қарауға уәде етті.
Аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жобаларды әкімдік деңгейінде қолдау көрсету жалғасатыны атап өтілді.
Аудан шаруалары атынан «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевқа және арнайы келген жұмысшы топқа алғыс білдірілді.
Кездесу өзара пікір алмасу, жаңа жобаларды талқылау және ауыл шаруашылығын жетілдіру бағытындағы тиімді ұсыныстармен қорытындыланды.

