Қазақтың жыр өнеріндегі алып тұлға, халық поэзиясының қайталанбас феномені, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Бір ғасырға жуық ғұмырын елдің мұң-мұқтажын жырлауға, халықтың үні болуға арнаған ұлы ақынның тағылымды өмірі мен бай шығармашылық мұрасы – ұлт руханиятының сарқылмас қазынасы.
Осы атаулы датаға орай «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалы мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты әдеби-тағылымдық шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа Жамбыл Жабаевтың өмір жолын, азаматтық ұстанымын, елдік мүддені жырлаған шығармаларын кеңінен таныту, ұлттық әдебиетке деген құрметті арттыру. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Әдеби кешті «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов ашып, Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиетіндегі айрықша орнына тоқталды. Ол өз сөзінде ақын шығармашылығының уақытпен шектелмейтін құндылық екенін, Жамбыл жырлары арқылы халықтың тарихы, рухы мен дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырғанын атап өтті.
Шара барысында Сайрам ауданының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Әлібек Байназаров пен №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры Ұлдана Оразбаева сөз сөйлеп, Жамбыл поэзиясының феноменіне терең талдау жасады. Олар ақынның жыраулық дәстүрді ХХ ғасырға алып келген бірегей тұлға екенін, оның жырларынан халықтың тағдыры, елдік сана мен адамгершілік құндылықтар айқын көрінетінін атап өтті.
Кеш аясында «Жүзбен жүздескен Жамбыл» атты бейнекөрсетілім көрсетіліп, көрермендерге ақынның ғибратты ғұмыры мен шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар «Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының айнасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның шығармалары, ол туралы зерттеулер мен естеліктер оқырман назарына ұсынылды.
Әдеби-музыкалық бөлімде №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының ұстазы Қ.Абилов Жамбылдың «Угәй-ай» әнін орындап, ақынның тек жыр алыбы ғана емес, сазгерлік қыры да бар жан-жақты тұлға екенін атап өтті. №64 Ш.Рашидов атындағы жалпы білім беретін мектептің ұстазы Д.Мадалиева шәкірттерімен бірге ақынның түрлі тақырыптағы өлеңдерін жатқа оқып, көрермендердің ықыласына бөленді. Ал кітапханашы А.Абдураманова орындаған «Ауылым» әні кештің әсерін тереңдете түсті.
Шара соңында қатысушылар Жамбыл Жабаевтың тағдыры мен шығармашылығы – қазақ халқының рухани тарихының ажырамас бөлігі екенін, оның жырлары ұлттың жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ұлт мақтанышына айналған, жаратылысы бөлек, шығармашыл тұлғаның мұрасы келер ұрпаққа өнеге болып қала беретіні сөзсіз.
Бір ғасырды жырмен тербеткен Жамбыл Жабаевтың есімі мен еңбегі ел тарихында мәңгі жасай бермек!

