«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, бюджет есебінен салынып жатқан құрылыстардың сапасын қоғамдық бақылауға алып, партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуына қадағалауды күшейтіп отыр. Аймақтардың дамуы, азаматтардың тұрмысы, әлеуметтік бастамалардың орындалуы – бәрі нақты нәтижеге тәуелді көрсеткіштер деп біліп, партиялық бақылау жүйесінің пәрменділігін арттыруда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Партияның Сауран аудандық филиалына қарасты партиялық бақылау тобы Бабайқорған ауылдық округінде салынып жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылыстарын кезекті мониторингтен өткізді. Партиялық бақылау жұмыстарына аудандық партия филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары Н.Конкабаев, С.Боханов, Е.Елеуов, А.Жусупов, Бабайқорған ауылдық округінің әкімі Ж.Мыңтаев, сондай-ақ бастауыш партия ұйымының жетекшісі Б.Нәлібаев қатысты.
Партия өкілдері Бабайқорған елді мекенінде салынып жатқан мәдениет үйінің құрылыс алаңына барды. Атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеу барысында құрылыстың сапасына, өндірістік кестенің сақталуына, жұмылдырылған техникалар мен жұмыс күшінің жеткілікті болуына баса мән берді. Қазіргі таңда ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алып, инженерлік жүйелерді жүргізу басталған. Мердігер ұйымға ғимаратты уақтылы тапсыру жүктеліп, жоба-сметалық құжаттамада көрсетілген жабдықтардың толық көлемде және бекітілген сапа деңгейінде болу керектігі ескертілді.
Аманаттық өкілдер қадағалау жүргізген келесі нысан – Абай елді мекеніндегі 300 орындық мектеп болды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді міндеттемісіне алған «VEK-STROY COM» ЖШС-нің өкілдері құрылыс барысы туралы жалпы мағлұмат берді. Бақылау барысында құрылыс қарқынын арттыру, қауіпсіздік талаптарын сақтау, құрылыс материалдарының сапасы және жұмысшылар санын арттыру жөнінде ұсыныстар берілді.
Партия өкілдері алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының барысын жіті назарында ұстайтын болады.

