ЖАҚЫНДАРЫМЫЗДЫ ҚОРҒАУ – ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА!

“AMANAT» партиясының бастамасымен Түркістан қаласында «Қауіпсіз қала» акциясы аясында ауқымды түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Аталған іс-шараға партияның Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенді тобы қатысып, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Түркістан қалалық газ инспекциясы» мекемесінің мамандарымен бірлесе отырып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Акция барысында Түркістан қаласының «Бекзат» мөлтек ауданы Ғабдуллин, Сыздықов көшелерінде тұратын тұрғындармен тікелей кездесу ұйымдастырылды,  әсіресе қатты отын тұтынатын үй иелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар тұрғындарға мұржалардың уақтылы тазалануының маңызын, жылыту маусымында өрттің алдын алу жолдарын, тұрмыстық газды пайдалану кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар партия жастары тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелері көрсетілген ақпараттық парақшалар таратты, ал төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың салдарына тоқталып, мұндай келеңсіз жағдайлардың адам өмірі мен мүлкіне үлкен қауіп төндіретінін нақты мысалдар арқылы жеткізді. Атап өтуіміз қажет, бұл кездесулер тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруды, өрт пен тұрмыстық газға байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алуды, сондай-ақ халық пен жауапты мекемелер арасындағы өзара байланысты нығайтуды мақсат тұтты. Бұл ретте партия жастарының белсенділігі мен азаматтық ұстанымын ерекше атап өтуге тұрарлық.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қауіпсіздік талаптарын сақтау – тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың міндеті екенін тағы бір мәрте еске салды. Қауіпсіздік нормаларын сақтау адам өмірін сақтап қалудың ең маңызды талабы, әрбір отбасының амандығына кепіл болатын іс-қимыл екені ерекше атап өтілді. Өз өміріміз бен жақындарымызды қорғау – өз қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды