Жыл басынан бері Шымкентте әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы 50 мыңға жуық адам МӘМС жүйесінде сақтандырылды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарнасын жергілікті әкімдік төлеуде. Аталған санаттарға өмірлік қиын жағдайға ұшыраған, тұрақты табыс көзі жоқ, жұмыссыз және соңғы айларда зейнетақы жарналары төленбеген азаматтар кіреді. Бұл туралы Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бұл қолдау – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы заңға енгізілген өзгеріс аясында 2026 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап іске асырылуда. Бұл шаралар, әсіресе дағдарысқа ұшыраған азаматтарды сақтандыру жүйесіне қосу арқылы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған.
ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, бүгінгі таңда 1 117 894 қала тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 800 мыңнан астам жеңілдік санатындағы адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 167 522 адамды құрап, жүйеде қамтылмағандар қатары 4,9 пайызға төмендеген. Алайда, жұмыс берушілер төлемдерді қате аударып немесе төлем кезеңін және тағайындау кодын дұрыс көрсетпейтін жағдайлар орын алады. Соның салдарынан қызметкер сақтандыру мәртебесінен айрылады.
Сала мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында қаладағы бірқатар мекемелерді аралауда. Кезекті кездесу Еңбекші ауданына қарасты білім беру ұйымдарының есепшілерімен өтті. Кездесу барысында Қор филиалының қызметкерлері сақтандыру мәртебесін сақтау, жарналар мен аударымдарға қатысты өзекті мәселелер туралы ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, сақтандыру мәртебесін келесі тәсілдер арқылы тексеруге болады:
- eGov.kz порталы арқылы – жеке кабинетіңізде МӘМС жүйесіндегі мәртебеңіз бен аударылған жарналар туралы ақпарат қолжетімді
- msqory.kz сайтында
- Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында
- банктердің мобильді қосымшаларында.

