ЖАҢА САЯБАҚ ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

Түркістан қаласында тұрғындар үшін тағы бір қуанышты жаңалық болды – жаңа саябақ есігін айқара ашты. Табиғатпен үйлескен, заманауи демалыс орны қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы тынығуға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Ақ жол» Демократиялық партиясының Түркістан облыстық филиалы хабарлады.

Бұл игі шараға «Ақ жол» Демократиялық партиясының Түркістан облыстық филиалының менеджері Бану Сүйінбай арнайы қатысты. Іс-шара соңында қонақтар мен тұрғындар саябақ ішінде серуендеп, естелік суреттерге түсті.

Айта кетейік, бұл күні қала тұрғындары мен қонақтарының назарына би және театрландырылған қойылымдар ұсынылып, әуезді әндер орындалды. Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова және басқа да елімізге танымал әншілер мен домбырашы балалар тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар «Күлтегін» этно-фольклор ансамблі мен «Жастар» және «Жаңа леп» ұжымы, «Семсер» тобы халық әндері мен заманауи туындылар орындап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты шара барысында балалар мен ересектерге арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, цирк, аниматорлар және армандар шары шоуы көрсетіліп, спорттық жарыстар, сурет және қыштан бұйым жасау шеберлік сағаттары өтті.

Қалалық саябақ «Жаңа қала» аумағында 12,77 гектар жерде орналасқан. Саябақта 38 438 шаршы метр жер көгалдандырылған. 8 мыңға жуық тал мен жасыл екпе егілген. Жасанды көл 19500 шаршы метр аумақты қамтиды. Су сыйымдылығы – 60 000 м3. Көл үстінен ұзындығы 92 метр жаяу жүргіншілер көпірі салынған. Сонымен қатар көл үстінде шолу алаңы, сарқырама, субұрқақтар бар. Демалыс аймағында тамақтанатын орындар, балалар алаңшалары, әкімшілік ғимараты қарастырылған. Одан бөлек, шатырлар, жарықшамдар, 270 дана орындық пен 240 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Саябақ бір күнде 600 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды