ЖАҢА ӨНДІРІСТІК ПАРКТІҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ

Мемлекет басшысының инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ордабасы ауданында нақты қадамдар жасалуда. Осы орайда аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жаңа өндірістік парктің қазығы қағылды. Айтулы шараға қатысқан аудан әкімі Азат Оралбаев жобаның сәтті жүзеге асуына тілек білдірді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Өндірістік парк аумағында жалпы құны 485 миллион теңгені құрайтын 5 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, 60-қа жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Онда кір жуғыш ұнтақ шығару зауыты, көкөніс консервілеу цехы, полистерол блок шығару орны, өсімдік майын өндіру цехы мен жаяу жүргіншілер жолағына арналған плиталар мен жол жиектеріне қойылатын бетон өнімдерін дайындау жобалары жүзеге асырылмақ.

Жалпы аумағы 10,5 гектарды алып жатқан алып өндірістік парк – аудан экономикасына айтарлықтай серпін бермек. Аудан әкімі салаға жауапты мамандарға жобаға ұқыптылықпен қарау керектігін ескертіп, инвесторлар тарту жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды