ЖАҢА КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУЫНА МҮМКІНДІК ЖАСАЙДЫ

Жетісай ауданында 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриалық аймағы мен 1 гектар жерге өндірістік парк құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған орай аудан басшысы Серік Мамытов аталған аймақтардың инвесторларымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды талқылады. Айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті сала басшылары тапсырмалар берді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бүгінде индустриалды аймақта жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары секілді 9 жобаның құрылысы қолға алынған. Ал, өндірістік паркте құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орнын іске қосу жоспарланған. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы 1 200-ге тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп көзделуде.

Іске қосылғалы тұрған зауыттар аудан экономикасының дамуына тың серпіліс беріп, мақталы өлкенің индустриалық әлеуетін арттыруға, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды деп күтілуде. 2020 жылдан бері 90,2 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған ауданда бұл көрсеткіш 2030 жылы 419,6 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды