Қызметтік автокөліктерді басқару шеберлігін арттыру, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін нығайту және жүргізушілердің кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінде жеке құрам арасында “Үздік жүргізуші” байқауы ұйымдастырылды. Бұл туралы Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау барысында қатысушылар көлік жүргізудегі тәжірибесін, техникалық дайындық деңгейін және теориялық білімдерін көрсетті. Әрбір кезеңде жүргізушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтауына, көлікті басқару дағдыларына және маневр жасау дәлдігіне ерекше назар аударылды.
Байқау қорытындысы бойынша өз кәсібилігі мен шеберлігін жоғары деңгейде көрсеткен №39 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Құлмаханов Қалжігіт Әлімханұлы үздік нәтиже көрсетіп, Түркістан облысының “Үздік жүргізушісі” атанды.
Жеңімпаз департамент басшылығы тарапынан алғыс хатпен және естелік сыйлықпен марапатталды.

