ЖҰМЫСЫНА ЖАУАПТЫ МАМАННЫҢ АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТЫ ДА АЙҚЫН

Қабілет жоғарылығының арқасында құжаттарды бес саусағындай біліп, есеп-қисаппен жұмыс жасап, ісіне тиянақтылықпен қарайтын мамандардың бірі Зарина Нуритдинқызы Салышева. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол әрдайым істің бас-аяғын сараптап, уақытын есепсіз құр өткізбейді. Жұмысына жауапты маманның алға қойған мақсаты да айқын.

Заң саласына 2018 жылы аяқ басқан ару алғашқы қызметін Кентау қалалық полиция бөлімінен бастаған. 2024 жылдың мамыр айында Түркістан облыстық полиция департаментінің Қаржымен қамтамасыз ету басқармасына ауысып, бұл ұжымда еңбек етіп келе жатқанына да жылдан асыпты.

Полиция аға лейтенанты Заринаның пысықтығын да айтып өтуге болады. Қызға тән инабаттылық пен ибалықты бір бойына жинаған арудың жұмысы мен үй шаруасында да пысықтығы басым екендігі байқалады. Осы қасиеттерімен бүгінде Зарина қызметтестері арасында сый-құрметке бөленіп отыр.

Өзінің бос уақытын спортпен шұғылдануға арнап және кітапты жанына серік еткен ару кей сәттерін жақындарымен бірге табиғат аясында өткізуді ұнатады.

Қаржымен қамтамасыз ету басқармасында еңбек етіп жүрген іскер маманның алдағы күндеріне біз де сәттілік, отбасына ырыс пен мол байлық тілейміз!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды