«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, онда партияның өңірдегі қызметін жүйелеу, ұйымдастырушылық тиімділікті арттыру және Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын талдау мәселелері кеңінен қаралды. Жұмыс жиынында облыстық партия филиалының үш құрылымдық бөлімінің өткен кезеңдегі атқарған жұмыстары сараланып, олардың нақты нәтижелері мен алдағы міндеттері айқындалды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс жиынын бастаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, облыстық партия филиалының басты мақсаты сайлаушылармен тығыз байланыс орната отырып, Сайлауалды бағдарламаны және партиялық жобалар мен бастамаларды, жүйелі іске асыру екенін атап өтті. Партиямыздың салмақты ресурсы болып табылатын мәслихат депутаттарын, аумақтық партия филиалдарын және бастауыш партия ұйымдарын Мемлекет басшысы жариялаған реформаларды іске асыруға, партияның стратегиялық бағдарын ілгерілетуге, қоғамда партия беделін нығайтуға және сайлау алдында халыққа берген уәделерді нақты орындауға жұмылдыру екеніне баса мән берді.
— Партия жұмысының басты өлшемі азаматтардың сенім үдесінен шығу және нақты нәтижеге қол жеткізу екені белгілі. Біздің қызметіміз Мемлекет басшысының бастамаларын, мемлекеттік реформаларды, партия айқындаған басымдықтарды өңірлік деңгейде нақты жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Облыстық партия филиалы 2025 жылды жақсы жұмыс нәтижелерімен қорытындылады. Серпінді жұмысты биыл да жалғастыруымыз қажет. Ол үшін әр бөлім өз қызметін стратегиялық мақсаттарға сай ұйымдастыра білуі керек. Жұмыс жоспарларын қайта қарап шығуды және оларда нақты іс-шаралар белгілеуді тапсырамын. Жұмыс нәтижелерін формалды есептер арқылы емес, нақты көрсеткіштер негізінде бағалайтын боламыз, — деді облыстық партия филиалының төрағасы.
Аппараттық мәжілісте облыстық партия филиалының партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбековтің, қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Жадақованың, баспасөз қызметінің меңгерушісі Назгүл Назарбекованың хабарламалары тыңдалып, осы салалар бойынша 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері баяндалды. Әр бөлім бойынша қол жеткізілген жұмыс көрсеткіштері, орын алған кемшіліктер және оларды жою жолдары ашық талқыланды. Сонымен қатар партиялық бақылау құрылымдарының алдында тұрған жаңа міндеттер, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс белсенділігін жалғастыру, ақпараттық жұмысты жаңа трендтік бағыттар бойынша ілгерілету, оның ішінде аумақтық партия филиалдары мен депутаттық корпустың ақпараттық белсенділігін қамту бойынша бірқатар маңызды тапсырмалар берілді.
Партиялық бақылау инспекторы берген мағлұматқа сәйкес, 2025 жылы партияның барлық филиалдары бойынша партиялық бақылау комиссияларының 120 отырысы өткізілген. Жұмыс жиындарында 162 мәселе қаралса, олардың нәтижелерімен жергілікті атқарушы органдарға 627 ұсыныс жолданған. Партия тарапынан берілген ұсыныстардың 602-і орындалып, қалған 25 ұсыныстың орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Партиялық бақылау комиссиялары Жол картасы тармақтарының орындалуына басымдық бергені айтылды.
Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметі баяндалған жиында 2025 жылы барлығы 15 687 өтініш келіп түскені, азаматтар білдірген өтініштердің 10 547-сі немесе барлық өтініштің 67,2 пайызы оң шешім тапқаны мәлімделді. Сонымен қатар 5082 өтініш бойынша құқықтық консультациялар берілсе, 58 өтініштің орындалуы бақылауға алынғаны жария етілді. Облыстық, аудандық, қалалық партия филиалдарымен 3 488 қабылдау жүргізіліп, 15 244 азаматтың өтініштері қаралғаны айтылды. «Құқықтық көмек» жобасы бойынша 107 қабылдау жүргізіліп, 787 азаматтың өтініштері қаралғаны туралы мағлұмат берілді.
Облыстық партия филиалының баспасөз қызметі 2025 жылы барлығы 4 516 жарияланымдар шығарып, партия қызметін ақпараттық тұрғыда ілгерілеткені, республикада үздік үштіктің қатарынан көрінгені туралы есеп берді. Жарияланған ақпараттық материалдар партия жобаларын, Сайлауалды бағдарламаның орындалуын, партиялық бақылау жұмыстарын, «Таза бейсенбі» экологиялық акцияларын, тағы да басқа іс-шараларды қамтығаны айтылды.
Жиын барысында облыстық партия филиалының төрағасы алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттарына тоқталып, партия құрылымдарының өзара үйлесімді жұмыс істеуінің маңызын атап өтті. Әсіресе, партиялық бақылауды күшейту, қоғамдық қабылдаулар арқылы тұрғындармен кері байланысты арттыру және ақпараттық жұмысты ілгерілетуді жалғастыру қажеттігіне назар аударды.
Жиын қорытындысында партия жұмысының жүйелі жүргізіліп жатқаны, құрылымдық бөлімдердің қызметі біртұтас стратегиялық мақсатқа жұмылдырылғаны ерекше атап өтілді. Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңір тұрғындарының мүддесін қорғауға, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға және партияның стратегиялық басымдықтарын нақты істер арқылы бекемдеуге күш салатын болады.

