Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен және облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Түнгі кітапхана» жобасы аясында белгілі композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Композиторлар Одағының құрметті мүшесі Бекжігіт Сердәлінің «Жұлдызды түннің әуені» атты шығармашылық ән кеші өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шараның мақсаты – кітапхана ісіне жаңа серпін беріп, жастар мен оқырман қауымның әдебиетке, поэзияға, өнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық пен руханиятты тоғыстырған ерекше мәдени алаң құру. Салтанатты шараның шымылдығын Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы мен Түлкібас ауданы әкімінің аппарат басшысы Фархат Тастайбекұлы ашып, жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
Ән мен жырдың әуезіне толы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айжан Тәженова, эстрада және дәстүрлі ән орындаушылар Мақсат Айтжанов, Шерхан және Жансұлу дуэті, Тәттімбет Керей мен Бекзат Сәкенұлы тыңдарманды әсем әуенге бөледі. Кеш иесінің әуезді әндері шырқалды. Шараға зиялы қауым, өнерсүйер азаматтар, БАҚ өкілдері арнайы қатысты.
Кеш аясында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына орай «Ойы терең, шабыты шалқар қаламгер» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қаламгердің туындылары, зерттеу еңбектері мен оқырманға жол тартқан кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.