ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНЕ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүк көліктерінің жүргізушілерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шара барысында қызметкерлер ауыр жүк тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, белгіленген жылдамдық режимін бұзбау және жүк көліктерінің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру қажеттігін атап өтті.

Біле жүріңіз, жүк тасымалдау – жүргізушілер мен жұмысшылардың жауапкершілігі жоғары жұмыс түрі. Қауіпсіздікті сақтау жол қозғалысының, жүкті және адам өмірінің амандығы үшін аса маңызды.

Жүктің дайындалуы кезінде ескерілу тиіс қағидалар бар. Жүк дұрыс буылып, орамасы мықты болуы тиіс. Сусымалы, сұйық немесе қауіпті жүктер арнайы ыдыстарға салынады. Салмақ көлікке рұқсат етілген нормадан аспауы керек.

Тиеу және түсіру кезіндегі қауіпсіздікті де ұмытпау керек. Тиеу кезінде арнайы құрал-жабдықтар (арқан, ілмек, кран, көтергіш) дұрыс қолданылуы қажет. Адамдар жүк көтергіштің астында тұрмауы тиіс. Жүк көлікте теңгерімді орналасуы керек – бір жағына ауып кетпеуі үшін бекіту белбеулері пайдаланылады.

Жүк қозғалысы кезінде жүк қозғалмайтындай етіп бекітіледі. Жүргізуші жылдамдық режимін, жол және ауа райы жағдайын ескеруі қажет. Қауіпті жүк тасымалдау кезінде көлік тиісті белгілермен (плакаты, таңбасы) белгіленеді.

Апат, төгілу немесе аударылу кезінде жүргізуші дереу көлік құралын тоқтатып, тиісті қызметтерге хабар беруі тиіс. Өрт кезінде өрт сөндіргіш құралдарын қолдану қажет. Барлық жұмысшылар арнайы киім, қолғап, каска, көзілдірік киюі керек. Тиеу-түсіру кезінде тәртіп пен келісілген сигналдарды сақтау қажет.

Жүк тасымалдау қауіпсіздігі — дұрыс дайындық, тәртіп пен ережені қатаң сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Әрбір қызметкердің жауапкершілігі мен ұқыптылығы адам өмірін, материалдық құндылықты және жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды