ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ДЕР КЕЗІНДЕ ШЕШІМ ТАБУЫ БАҚЫЛАУДА

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытында маңызды көрсеткіштер белгіленіп, олардың орындалуы жүйелі бақылауымызға алынған. Соның ішінде тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамтуда инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, жаңа су көздерін пайдалану, су тазарту станцияларының құрылысын жүргізу мәселелері ерекше қадағалауымызда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық партия филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің жуырда өткен отырысында Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының осы бағытта атқарып жұмыстарының есебі берілді. Жиын барысында биыл Түркістан облысында ауыз су саласы бойынша барлығы 66 нысанның құрылысы жүргізіліп жатқаны айтылды. Оның ішінде 38 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілсе, 28 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылға өтпелі екені мәлімделді.

Жалпы, ресми статистикада Түркістан облысының 7 қаласында тұратын 541,5 мың адам 100 пайыз ауыз сумен қамтылған деген деректер айтылады. Ал облыстағы 756 елді мекенде тұратын  1 580,6 мың адам сапалы ауыз сумен 98,1 пайызға қамтылғаны көрсетілген. Партия өкілдері бұл көрсеткіштің объективтілігін бағалауда сала мамандарымен бірлесе анықтау жұмыстарын жүргізетін болды.

Сондай-ақ партияға түсіп жатқан көптеген шағымдарда тұрғындар елді мекендерде тозығы жеткен су құбырларын ауыстыру мәселесін жиі қозғайды. Азаматтардың сұраныстарын партия өкілдері бақылауына алып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесе аудан, қала әкімдіктерінің су жүйелерін жаңғырту жөніндегі жұмыс жоспарларына талдау жүргізеді. Партиялық бақылау тетіктері арқылы айқындалған өзекті мәселелердің дер кезінде шешім табуына жұмыс жүргізеді.

Салалық басқарма берген мәліметке сәйкес, ауыз су жүйелерінің құрылысы саласындағы жобалардың ішінде, бірінші кезекте индикаторға енгізілген жобаларды аяқтаудың маңыздылығы белгіленген. Аталған индикаторда облыс бойынша 31 мыңға жуық тұрғыны бар 30 елді мекен қамтылған. Ал барлығы 600 адамға жуық тұрғыны бар шалғайда орналасқан 8 елді мекенге су тазартуға арналған кешенді блок модульдарын орнату жоспарланған. Бұл елді мекендер тұрғылықты халық саны аз және ірі елді мекендерден шалғайда жатқандықтан, оларда су жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп бағаланған.

Индикаторға енгізіліп, құрылыс жұмыстары белгіленген 30 елді мекеннің ауыз жүйелерін салуға тиісті қаржы көлемі берілген, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдар анықталған. Құрылыстың барысын партияның Түркістан облыстық филиалы тұрақты бақылауында ұстайтын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды