ӨЗАРА СЫЙЛАСТЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚ – ЕЛ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды әлеуметтік және қоғамдық нысандардың қызметімен танысып, сала өкілдерімен мазмұнды кездесулер өткізді. Сапардың негізгі мақсаты азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өңірдегі тұрақтылық пен келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарды зерделеу болды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты жаңадан ашылған «Qamqorlyg» орталығының қызметімен танысып, орталық ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру, халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Аталған орталықтың басты мақсаты азаматтарға жан-жақты көмек көрсету арқылы әлеуметтік қорғау жүйесін нығайту екені атап өтілді. Ашық диалог форматында өткен кездесуде орталық жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар айтылып, алдағы жоспарлар талқыланды.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Сұлтанхан Таштеев, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Одан соң мәжілісмен Түркістан қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдерімен де кездесті. Жиында азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру, төтенше жағдайлардың алдын алу, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын қолдау мәселелері қаралды.

Мәжіліс депутаты төтенше жағдайлар қызметі мамандарының жауапты әрі жанқиярлық еңбегін атап өтіп, олардың қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы рөліне жоғары баға берді. Ашық форматта өткен жүздесуде салада кездесетін өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылды.

Ерлан Абдиев сонымен қатар, қаладағы маңызды қоғамдық нысандардың бірі – Достық үйінің қызметімен танысты. Кездесу барысында Достық үйінің этносаралық келісімді нығайтудағы рөлі, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстары және алдағы жоспарлары таныстырылды.

Түркістан өңірінде бейбітшілік пен татулықты сақтау жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға ерекше назар аударылып, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақ ел тұрақтылығының берік негізі екені атап өтілді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиевтің Түркістан қаласына жасаған бұл жұмыс сапары әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және этносаралық келісімді нығайту бағытындағы өзара іс-қимылды арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта заңнамалық және атқарушы деңгейде қарастырылатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды