Түркістан облысы прокуратурасында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселесі заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Бұл туралы Түркістан облысының прокуратурасы хабарлады.
Жиынға Үйлестіру кеңесінің мүшелері, шекара қызметі мен кеден органдарының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде шекаралық бақылау бекеттеріндегі есірткі контрабандасына қатысты қылмыстарды алғашқы тексеру мен тергеу барысында туындайтын өзекті мәселелер және синтетикалық есірткілерге қарсы күресті күшейту жолдары талқыланды.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев өз сөзінде:
- есірткіге қарсы кез келген іс-шараларды жүзеге асыруда заң бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін;
- шекаралық аймақтарда есірткі контрабандасына қатысты бақылауды күшейтуді;
- күдік келтірілген тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін заң аясында, бейнежазба арқылы сапалы жүргізуді;
- сондай-ақ шекара қызметі, полиция және кеден органдары арасында бірлескен өзара іс-қимылды реттейтін меморандум қабылдау қажеттігін атап өтті.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың 9 айында Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 369 қылмыс тіркеліп, 305 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Оның ішінде 20 іс есірткі контрабандасына қатысты болған. Заңсыз айналымнан 1,04 тонна есірткі заты тәркіленген.
Жиын қорытындысы бойынша облыс прокуроры құқық қорғау және уәкілетті органдар басшыларына шекаралық аймақтарда есірткі контрабандасына қарсы бақылауды күшейту, сондай-ақ алғашқы тексеру мен тергеу сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

