ҚЫЗМЕТ ТОЛЫҚТАЙ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ФОРМАТТА РӘСІМДЕЛЕДІ

2025 жылғы 22 шілдеден бастап Қазақстанда техникалық байқау орталықтарын ашу және олардың қызметін реттейтін жаңа талаптар қолданысқа енгізілді. Бұл өзгерістер міндетті техникалық байқаудың сапасын арттыру және бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы хабарлады.

Енді операторлар өтініштерін eGov және eLicense порталдары арқылы береді. Қызмет толықтай электрондық форматта рәсімделеді. Өтінішті қарау мерзімі – 8 жұмыс күні, қызмет тегін көрсетіледі, ал шешім өтініш берушіге онлайн түрде жолданады.

Жаңа нормаларға сәйкес, техникалық байқау пунктін ашу үшін төмендегілер міндетті түрде болуы қажет:

  • меншік құқығындағы немесе жалға алынған тиісті үй-жай немесе өндірістік база;
  • СТ РК 1811–2018 стандартына сай толық жабдықтар жиынтығы (роликті тежегіш стенді, люфтомер, газоанализатор, түтінді өлшегіш, фара жарығын тексеру құрылғысы, газ баллонды жабдықтың герметикалығын тексеретін құрылғы, шу өлшегіш және т.б.);
  • техникалық білімі бар немесе арнайы курстан өткені жөнінде сертификаты бар білікті қызметкер;
  • барлық өлшеу құралдарына қатысты жарамды тексеру сертификаттары.

Ақпараттың бір бөлігі – оның ішінде жылжымайтын мүлікке және білімге қатысты мәліметтер – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде алынады. Бұл өтініш берушінің жүктемесін азайтады.

Бұйрық күшіне енген күннен бастап Түркістан облысында «Е-лицензия» жүйесіне техникалық байқау орталығын ашуға 19 өтініш түсті.

Қазіргі уақытта:

  • екі оператор – «Абдиернур» ЖШС және «Бақытжан» ЖК – рұқсаттарын алып үлгерді;
  • «Ердәуіт Техбайқау» ЖК өтініші қаралу үстінде.

Өтініштерді қарау барысында ең жиі анықталатын бұзушылықтар:

  • мәліметтердің дұрыс енгізілмеуі немесе қате болуы, мысалы, өндірістік базаның кадастрлық нөмірінің сәйкес келмеуі;
  • рұқсат алуға арналған міндетті өтініш қоса тіркелмеген жағдайларды қоса алғанда, құжаттардың толық емес топтамасы.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды