ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келген болатын. Сапар барысында сенаторлар Келес және Шардара аудандарында болды. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сенаторлар алдымен Келестегі «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланған. Жылыжайда 800 жұмыс орны құрылып, қызметкерлер үшін оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Алдағы уақытта қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру көзделуде.
Сонымен қатар, комитет мүшелері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бұл кешен 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Онда 550 жұмыс орны ашылып, крахмал өнімдері өндіріледі. Жоба ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, тұрақты экспортты арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Бүгінде зауытта жүгеріні қабылдап, кептіру кешенінің және жүгері дәнін сақтау қоймаларының құрылысы аяқталған.

