Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері білім беру ұйымдарында жасөспірімдермен кездесу өткізіп, құқықтық тақырыптарда түсіндіру дәрістерін жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында оқушыларға қылмыс пен құқықбұзушылықтың салдары, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрудің жауапкершілігі, интернеттегі қауіпсіздік ережелері, сондай-ақ буллинг пен нашақорлық алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Полицейлер жасөспірімдерге өз қауіпсіздігіне бей-жай қарамауды, заңды құрметтеп, қоғамда жауапкершілікпен әрекет ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар түнгі уақытта бейберекет жүрмеу, бөтен адамдармен қатынас орнатпау және әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты таратпау жөнінде ескерту жасалды.
Аталған кездесулердің басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың қылмыс пен теріс әрекеттерден бойын аулақ ұстауына ықпал ету.