Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы ретте Сайрам ауданының полиция басқармасы тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіп бұзудан, рұқсат етілмеген әрекеттерге барудан, сондай-ақ ұсақ құқықбұзушылықтар мен отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға жол бермеуге шақырады. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айының 11-13 күндері аралығында өтіп жатқан “Құқықтық тәртіп” жедел профилактикалық іс-шарасы барысында аудан аумағында бақылау күшейтіліп, түрлі құқықбұзушылықтар анықталды.
Нәтижесінде жалпы 350-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін — 16, белгіленбеген орында сауда жасағаны бойынша — 17, қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін — 5, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеусіз жүрген азаматтарға байланысты — 32 жайт анықталып, әкімшілік шара көрілді.
Бұдан бөлек жолда жүру қағидаларын бұзғаны үшін 150-ге жуық құқықбұзушылық анықталды.
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.

