Түркістан қалалық Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Ахан Дәуірұлы жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен кездесу өткізді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесудің мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында полиция қызметкері оқушыларға заң талаптарын сақтау, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы, сонымен қатар интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелері жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ Ахан Дәуірұлы оқушыларға өз құқықтары мен міндеттерін білу қажеттігін айтып, құқықтық сауаттылықтың өмірдегі маңызын ерекше атап өтті. Кездесу соңында жасөспірімдер полиция өкіліне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.