ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕСТІҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Төлеби аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен №10 жалпы білім беретін мектепте «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы тақырыбында кездесу болды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға полиция бөлімінің бастығы Ғ.Қуашбаев, ІІО ардагері П.Байжарханов, білім бөлімінің мамандары мен мектеп директоры П.Асанов қатысты. Кездесу барысында оқушыларға «Жас сақшы» полиция сыныбының қызметі таныстырылып, бейнематериалдар көрсетілді.

Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, заңды білу мен оны құрметтеу маңыздылығы талқыланды. Ардагер П. Байжарханов жасөспірімдер арасында құқықтық сананы қалыптастыру – қылмыспен күрестің басты тетігі екенін атап өтті.

Шара соңында мектеп ұжымы мұндай іс-шаралардың тәрбиелік маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта жаңа полиция сыныбын ашуға ниет білдірді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды