“AMANAT” партиясының Түркістан облыстық филиалы шалғай елді мекендердегі кезекті көшпелі мобильдік қабылдауын Келес ауданының Бірлік ауылында ұйымдастырды. “Құқықтық көмек” жобасы аясында азаматтарға нақты көмек көрсету кездесуіне “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев қатысты. Бұл туралы «AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Азаматтар білдірген сұраныстарға облыстық деңгейдегі департаменттер мен басқармалардың өкілдері, құқық қорғау органдарының жауапты азаматтары, “Қазсушар”, “Тұрансу”, “Оңтүстік ЖарықТранзит”, “Қазақгаз-Аймақ” ұйымдарының қызметкерлері, кәсіби заңгерлер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен нотариустар, “Отбасы банк”, “Халық банк” қаржылық ұйымдарының жауапты тұлғалары, аудан әкімдігі мен депутаттық корпус өкілдері жауап беріп, айқындалған өзекті мәселелерді шешуде қабылданған жоспарлармен таныстырды.
Іс-шара аясында облыстық партия филиалының төрағасы осы ауылдағы “Алпамыс батыр” спорт кешенінде бастауыш партия ұйымына берілген жұмыс кабинетімен танысып, аудан басшылығымен елді мекенде партия бастамасымен іске асырылуы жоспарланған мәселелерді талқылады. Партияның бастауыш ұйымы “Ауыл аманаты”, “Жер аманаты”, “Қарызсыз қоғам” сынды ауыл азаматтарының кең қолдауына ие болған жобаларды үйлестіруі керек екені айтылды.
Қоғамдық қабылдаудың мәні мен мазмұны жөнінде жиналған тұрғындар алдында қысқаша ақпарат берген Алтынсары Дүйсенбекұлы, “AMANAT” партиясы өз сайлаушыларымен кездесуде жаңа жұмыс форматын ұстанатынын айтты.
— Ауылдарыңызда өтіп жатқан бүгінгі қабылдауға шешім қабылдау құзыретіне ие барлық мемлекеттік органдар келіп отыр. Оған қоса, сіздердің құқықтық мәселелеріңізді тыңдауға прокуратураның, полицияның, әділет, төтенше жағдайлар қызметінің, мемлекеттік кірістер департаменттерінің жауапты азаматтары келді. Халықтан түсіп жатқан сауалдардың ішінде сумен, табиғи газбен, сапалы электр қуатымен қамту мәселелері көп. Осы салаларға жауапты ұйымдардың өкілдері де сіздер көтерген мәселелерді тыңдайтын болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, күрмеуі қиын мәселелеріңізді облыс орталығына жол жүрмей, осы жерде шешіп алуларыңыз үшін осы мүмкіндікті қарастырып отырмыз, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Тұрғындармен кездесу барысында елді мекенде ауыз су проблемасы өзекті екені айтылды. Аймақтағы су жетіспеушілігін шешуде аудан әкімдігі тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқаны, соның ішінде су ұңғымаларын қазу бастамалары қолға алынғаны хабарланды. Су жетпей қалуы жиі орын алатын 3 көшенің тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтуда су жинау емкості қойылғанын, тұрғындар арасында суды үнемді пайдалану мәселесі қатаң бақылауға алынғаны мәлім болды. Бұл мәселені реттеуді облыстық партия филиалы жіті қадағалауына алды.
Сондай-ақ қабылдау барысында Сарығаш-Шардара-Жетісай-Өзбекстан шекарасы автомобиль жолының Бірлік ауылына баратын бұрылысына бағдаршам орнату мәселесі қозғалды. Адам өмірін сақтаумен тікелей байланысты бұл өтініштің те орындалуын партиялықтар бақылауына алды.
Азаматтар мәдениет үйін салу, ойын алаңшасын құру, ауылдағы екі қабатты тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу, спорт кешенін салу, елді мекенді аудан орталығымен байланыстыратын ирелең жолдың орнына жаңа трассаның құрылысын жүргізу мәселелерін көтерді. Тұрғындарға қазір бюджет қаражаты ең бірінші кезектегі мәселелерді шешуге бағытталатыны түсіндірілді. Ірі жобаларды қаржыландыру екінші кезектегі басымдық екені айтылып, оларды жүзеге асыру алдағы жылдардың еншісінде болатыны жеткізілді.
Қабылдауға келген жергілікті тұрғын өз қаржысына түрлі мақсаттағы арнайы техникалар паркін қалыптастырғанын, ауылға қажетті МТС ашуға ниетті екенін білдірді. Станция жұмысын бастау үшін жер бөлуді сұрады. Кәсіпкерге бизнес ашу мақсатындағы жер учаскесі аукцион тәртібімен берілетіні түсіндіріліп, оған қатысу талаптары жөнінде мағлұмат ұсынылды.
Көшпелі қабылдау барысында мектеп салу, ауылдық медицина мекемелерін заманауи жабдықтармен қамту, денсаулық жағдайы бойынша мүгедектікке шығу, иесіз ит пен мысықты жою, малдәрігерлік қызметке қатысты сауалдар, жол салу, жер игеру үшін жеңілдетілген несие беру, облыс орталығынан тұрғын үй алу шарттары, тағы басқа көптеген мәселелер қозғалды. Барлық айтылған ұсыныстар мен сауалдар қоғамдық қабылдау кездесуінің хаттамасына енгізіліп, партиялық бақылауға алынатын болады.

