Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының негізгі кепілі. Бұл қызмет саласы батылдықты, сабыр мен мықты ерік-жігерді талап етеді. Көпшілік бұл саланы ерлердің кәсібі деп қабылдайды. Алайда бүгінгі таңда ішкі істер органдарында батыр жүректі, парасатты да білікті әйелдер де абыроймен қызмет атқарып, өз есімдерін тарихқа жазып келеді. Солардың бірі – полиция подполковнигі Аида Смағұл. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Офицер әйел Аида Бахытбекқызы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2006 жылы Алматы қалалық полиция департаментінде бастаған. Жас офицер алғашқы қадамынан-ақ жауапкершілігімен, іскерлігімен және кәсіби ұқыптылығымен көзге түсті. Ол көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы ретінде адал еңбегімен абыройға бөленді. Көші-қон полициясы Қазақстан Республикасы азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елдегі қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша маңызды қызмет атқарады. Мұнда қызмет ететін әрбір офицер – қоғамның сенімді қорғаушысы.
Бүгінде оның еңбек өтілі 19 жылды құрайды. Осы жылдар ішінде Аида Смағұл инспектордан бастап басқарма бастығына дейінгі сатылардан өтіп, мол тәжірибе жинақтады. Әр кезеңде ол өзін талапшыл, әділ және өз ісіне берілген маман ретінде көрсетті.
Оның басты ұстанымы – «Адал қызмет ету, әділ шешім қабылдау және азаматтардың сенімін ақтау». Полиция формасын киіп, ел алдындағы борышын атқару – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Бұл жолда әйел адамға екі есе күш, екі есе төзім керек. Бірақ Аида Смағұл үшін бұл – өмірлік таңдау. Ол қиындықтардан қаймықпай, адам тағдырына бейжай қарамай, өз қызметін абыроймен атқарып келеді.
– «Бұл қызмет мен үшін тек кәсіби өсу емес, ол – өмір мектебі. Полиция формасын кию – халыққа адал қызмет етудің, әділдікті қорғаудың белгісі. Мен үшін ең бастысы – азаматтардың сенімін ақтау және ел тыныштығына өз үлесімді қосу», – дейді подполковник.
Әріптестері оны сабырлылығымен, талапшылдығымен және адамгершілігімен ерекше бағалайды. Ал жас қызметкерлер үшін Аида Смағұл – тәлімгер, үлгі тұтар тұлға. Ол жас мамандарды жігерлендіріп, қыз-келіншектердің полиция қызметіне келуіне жол ашып жүр.
Бүгінде подполковник Аида Смағұл – тек кәсіби офицер ғана емес, қоғамдағы әйелдердің рөлін айшықтаған қайсар жан. Оның өмірлік ұстанымы, табандылығы мен адалдығы – құқық қорғау саласындағы әйелдер үшін шынайы шабыт көзі.

