Түркістан облысы полиция департаменті бастамасымен өңір аумағында 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында «Учаске» атты кең ауқымды профилактикалық іс-шара өтуде. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы бағытта Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері халықпен тығыз байланыс орнатып, учаскелік аумақтарда профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізуде. Тәртіп сақшылары пробация есебінде тұрған азаматтарды тексеріп, олардың тұрмыс жағдайымен танысып, заң талаптарын түсіндірді.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгімелер өткізілді. Полиция қызметкерлері тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тәулік бойы жалғастыруда.

