ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ТЕК КЕЛУШІЛЕР САНЫН АРТТЫРУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Туризмді дамыту және еліміздің туристік әлеуетін толық іске асыру – «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында 2027 жылға қарай өңірімізге келетін туристер санын 1,5 есеге арттыру нақты әрі маңызды міндет ретінде бекітілген. Партиямыз осы басымдық арқылы экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға маңызды үлесін қосып отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл саладағы жүйелі жұмыс өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Туризмді дамыту тек келушілер санын арттырумен шектелмейді. Бұл қызмет көрсету саласының кеңеюі, қолөнер, қоғамдық тамақтану, көлік және сауда салаларының жандануына жол ашатын мультипликативті әсері бар сала. Осы тұрғыда партия туризмді өңір халқының табысын арттыратын, әлеуметтік жағдайын жақсартатын маңызды экономикалық тетік ретінде қарастырады.

Жуырда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі «Jibek joly» туристік пойызы жобасының кезекті кезеңі басталатынын хабарлады. Жоба «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның және «Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылуда. 2026 жылдың 20-25 наурыз аралығында халықаралық «Jibek joly»туристік пойызы біртұтас мәдени-танымдық бағыт аясында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды біріктірмек. Жоба аясында алғаш рет туристік бағыт Душанбе қаласына дейін ұзартылды.

Жоба аясында саяхатшылар түркі әлемінің рухани ордасы – Түркістан қаласына, ислам өркениетінің маңызды тарихи орталықтарының бірі – Самарқандқа, бай мәдени мұрасы бар астана – Душанбе қаласына, сондай-ақ өңірдегі ірі әкімшілік әрі туристік орталық саналатын Ташкентке сапар шегеді. Бағдарламада экскурсиялық қызмет көрсету, тарихи-мәдени мұра нысандарын аралау және маршрутқа қатысушы елдердің дәстүрлерін танытатын мәдени іс-шаралар өткізу қарастырылған.

Туристік пойыздың бағасы таңдалған қызмет көрсету класына (купе немесе СВ) және тур пакетіне байланысты өзгереді. Сапар құнына пойыз билеті, жатын орын, экскурсиялар, трансфер және тамақтану кіреді. Түркістан, Самарқанд, Душанбе, Ташкентті қамтитын бұл халықаралық сапардың баға диапазоны турдың ұзақтығы мен жайлылық деңгейіне қарай әртүрлі болады.

Түркістанды тек тарихи орталық қана емес, заманауи туристік хаб ретінде қалыптастыру – «AMANAT» партиясы белгілеген ұзақмерзімді мақсат. Ал Жол картасында бекітілген міндеттер осы мақсатқа жетудің нақты әрі сенімді негізі болып табылады. Партиямыз 2027 жылға дейін туристер санын 1,5 есеге арттыруды қол жеткізуге болатын, нақты меже деп біледі. Бұл көрсеткіштің орындалуы өңірде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар, халықаралық және ішкі туристік бағыттарды кеңейту, цифрлық сервистерді енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды