Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген өзінің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында туризм саласына айрықша тоқталғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті туризм бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала екенін айтты. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек деп байыптады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан, Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады», — деді аталмыш сұхбатта Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Түркістанның туризм саласындағы түйткілді мәселелері бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен Халықаралық туризм және меймандостық университетінде студенттермен өткізілген «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында талқыланды. Кездесуді облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатының жетекшісі Еркебұлан Мадиярұлы жүргізіп, «Visit Turkistan» гид орталығының басшысы Жантілеу Садуақас отандық туризмді дамыту алғышарттары жөнінде жастармен еркін пікір алмасу жүргізді.
Талқы алаңында Түркістан облысының туризм саласындағы басты ерекшелігі – терең тарих, бай мәдени мұра және заманауи туристік инфрақұрылымның үйлесімді дамуы сөз болды. Түркістан туризмі тек саяхат емес, рухани танымды кеңейту мен тарихи жадыны ұлғайтуға қызмет ететіні айтылды. Мемлекет тарапынан Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатқаны жеткізілді. Оған дәлел ретінде Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе берілгені айрықша атап өтілді.
Кездесу барысында Президент сұхбатында айтылған басымдықтарға шолу жасалды. Оның ішінде мерзімді басылымдарды оқу мәдениетін қайта тіктеу, қарапайым еңбегімен ел ырысын арттырып жүрген азаматтарды жан-жақты таныту, әлеуметтік желіге телмірмей, нағыз ғылым-білімге ұмтылудың артықшылықтары кеңінен қозғалды. Әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттар тереңінен айтылды. Салық төлеуді отаншылдықтың озық үлгісіне айналдыруда жастарға артылған сенім сөз болып, ашық тариф саясатын ұстанудың экономикаға тигізер әсері жөнінде түсінік берілді. Сондай-ақ жастарға жасанды интеллекті дәуірінің талаптары жөнінде мағлұмат беріліп, Отан қорғауды әр азамат абыройлы борыш санауы қажет екеніне баса мән берілді.
Сондай-ақ еркін мазмұнда өткен талқы алаңында облыстық «Жастар рухы» Жастар қанатының миссиясы айтылып, «Visit Turkistan» гид орталығының жұмыс көрсеткіштері таныстырылды. Талқылауда университет студенттері туризм саласында кәсіпкерлікті бастау, келушілердің қызығушылықтарын оятатын бастамалардың сипаты, туризм саласындағы заманауи трендтер бойынша пікір алмасты. Жас буын өкілдері мұндай форматтағы жүздесулерді алдағы уақытта тұрақты өткізіп тұру жөнінде өтініштерін айтты. Облыстық партия филиалы «Жастар рухы» Жастар қанатының «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы алдағы уақытта өңіріміздегі басқа да оқу орындарында жалғасатын болады.

