ЦИФРЛАНДЫРУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ТАЛАБЫ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, азаматтар көтерген сауалдарға цифрландыру мәселесі бойынша партиямыз айқындаған міндеттерді атап өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар тарапынан көтерілген басты мәселе – интернет сапасының төмендігі мен байланыс тарифтерінің қымбаттығы болды. Партия алаңындағы қабылдауға келген Төлеби ауданының тұрғыны Аққұм ауылында базалық станция құрылысын жылдамдату мәселесін көтерсе, Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінен келген азамат аталған ауылда Beeline мобильды операторының толқын қабылдағыш құрылғысын алып тастағаннан кейін, интернет сапасы төмендегенін жеткізді. Мобильді интернет пен ұялы байланыстың сын көтермейтіні жөнінде Бәйдібек ауданының Теректі, Шалдар ауылдарынан хабарласқан тұрғындар да атап өтті. Басқарма басшысына базынасын жеткізген Ораңғай ауылының тұрғыны Түркістан қаласының іргесінде орналасқан Сауран ауданының елді мекендерінде интернет сапасына байланысты көптеген шағымдар бар екенін айтса, осы ауданның Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық ауылының тұрғыны ұялы байланыстың тұрақсыз екенін мәлімдеді.

Кездесу барысында Марат Айнабеков бұл мәселенің облыс көлемінде өзекті екенін және басқарма тарапынан нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда шалғай ауылдарға интернет жеткізу бағытында республикалық деңгейде бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. «Цифрландыру – бүгінгі күннің талабы. Алайда бұл бағытта кейбір өңірлерде инфрақұрылымның жетілмегені рас. Сондықтан біз азаматтардың өтініштеріне назар аудара отырып, байланыс операторларымен бірлескен жоспарлы жұмыстар жүргізудеміз. Тариф мәселесіне қатысты да ұлттық операторлармен келіссөздер жүріп жатыр», – деді басқарма басшысы.

Қабылдауға келген әр азамат мұқият тыңдалып, елді мекендерге инвесторлар есебінен кезең-кезеңімен базалық станциялары орнату жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Станция орналасатын жерлерді анықтау, рәсімдеу жұмыстары да қарқын алған. Азаматтардың барлық өтініштері жүйелі тәртіппен және ретімен шешіледі. Аталған мәселелер партияның бақылауында болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды