«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңірдегі тарихи және киелі орындардың тазалығын қамтамасыз етуге, оларды сақтауға және насихаттауға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, әрбір игі бастама ұлттық сананы жаңғыртумен қатар, қоғамның экологиялық мәдениетін көтеруге арналып отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы бастамалардың аясында партияның дәстүрлі «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өңіріміздегі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі – Аппақ ишан сәулет кешенінде ұйымдастырылды. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген бұл кешен – халқымыздың діни-ағартушылық мұрасын айшықтайтын бірегей нысан.
ХІХ ғасырда бой көтерген Аппақ ишан мешіт-медресесі өз дәуірінде Қазақстан аумағындағы ең ірі діни оқу орындарының бірі болды. 1840 жылдары басталған құрылыс 1927 жылға дейін үздіксіз қызмет етіп, мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие берген. Қам кесектен басталған шағын мешіт уақыт өте келе 29 құжырасы бар іргелі медресеге айналды. Бұл – Қасым ишаннан басталып, Сейдахмет арқылы жалғасып, Аппақ ишанның өз қолымен аяқталған ұрпақ сабақтастығының жемісі.
Кешеннің сәулеттік келбеті де өзгеше. Ағаш қолданылмай, күйдірілген қыштан өрілген 35 күмбез бір-бірімен үйлесім тауып, ерекше акустикалық жүйе қалыптастырған. Сатыланып көтерілген күмбездер алыстан көз тартып, бас күмбезі кешенге айрықша салтанат береді. Өңірде мұндай көлемді әрі тұтас композицияға балама нысан жоқ.
Кеңестік кезеңде талай тарихи ғимараттар сияқты бұл кешен де түрлі мақсатта пайдаланылып, тағдыры талайлы болды. Алайда 1983 жылы музейге айналып, 2000 жылдан бастап қайта жаңғыртудан өтіп, бүгінгі күнге дейін жетті. Аппақ ишан мешіт-медресесі – тарихтың үнсіз куәсі ғана емес, өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір.
Осы қасиетті жерде өткізілген экологиялық акция аясында тарихи кешен аумағы тазаланып, айналасы ретке келтірілді. “Таза бейсенбі” акциясына партияның Бәйдібек аудандық филиалының төрағасы Ақбала Құлымбет, атқарушы хатшы Қуаныш Қансейітов, «Шаян» БПҰ-на қарасты партия мүшелері мен музей қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанаты еріктілері қатысты.
Партия бастамашы болған тазалық шарасы киелі орынға деген құрметті, тарих алдындағы жауапкершілікті паш етті. Іс-шара барысында партияның Бәйдібек аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуанышбек Қансейітов қасиетті орындарды сақтау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
— Аппақ ишан кешені – өңіріміздің ғана емес, бүкіл елдің рухани қазынасына айналған қастерлі орын. Осы мазмұндағы тарихи, рухани орындардың тазалығы мен тұтастығын сақтау – өткенге құрмет, келер ұрпаққа аманат. «Таза бейсенбі» акциясы арқылы біз экологияны ғана емес, тарихи сананы да жаңғыртып отырмыз, – деді Қуанышбек Үсіпәліұлы.
Шараға қатысқан белсенділер мен жастар өткізілген іс-шарадан тәрбие мен тағылым алды. Олар қасиетті орынға қызмет етуді еңбек деп емес, рухани жауапкершілік деп түсінді. Тазалық арқылы тарихқа тағзым етуді перзенттік борышымыз деп білді. «Таза бейсенбі» акциясының ағартушылық рухы барша облыс тұрғындарын біріктіріп, «Таза Қазақстан» идеясының өміршеңдігін қамтуға жұмылдырады деген сенімдеміз.

