ТІРЕГІМІЗ – ТӘУЕЛСІЗДІК, ТІЛЕГІМІЗ – ӘДІЛЕТ, БАҒДАРЫМЫЗ – БІРЛІК

Түркістан облысында «AMANAT» партиясының қатары жаңа мүшелермен толықты. Бүгін облыстық партия филиалында Түркістан қаласындағы бірқатар азаматтарды партияға қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, жаңа партия мүшелерін құттықтады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Алтынсары Дүйсенбекұлы өз сөзінде партияның негізгі мақсаттары мен атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті. Оның айтуынша, «AMANAT» бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыруда басты қоғамдық-саяси тірекке айналып отыр. Түркістан облысында 84 мыңнан астам партия мүшесі бар.

– 242 бастауыш партия ұйымы мен 17 аудандық, қалалық филиал жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстағы 338 мәслихат мандатының 283-і «AMANAT» партиясының өкілдеріне тиесілі. Бұл – халық сенімінің көрсеткіші, – деді филиал төрағасы.

Алтынсары Үмбетәлиев жүзеге асырып жатқан бірқатар маңызды жобаларға да тоқталды. «Жер аманаты» жобасы аясында соңғы үш жылда облыс көлемінде 1,4 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 млрд. теңге көлеміндегі қайтарылған қаражат есебінен 316 жоба қаржыландырылғанын, биыл қосымша 7,4 млрд. теңге бөлініп отырғанын тілге тиек етті.

– Партиямыз сайлауалды уәделерін жүйелі түрде орындап келеді. Бұл әрбір партия мүшесінің ортақ еңбегі мен жауапкершілігінің нәтижесі. Бүгін сіздер елдегі ең беделді саяси ұйымның толыққанды мүшесі атанып отырсыздар. Біздің тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік, – деп атап өтті Алтынсары Үмбетәлиев.

Партия қатарына қабылданған азаматтар қатарында түрлі сала өкілдері – қаржыгерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, қоғам белсенділері мен спортшылар бар. Солардың ішінде белбеу және қазақ күресінің чемпионы Кәрім Асылжан да бар. Ол партияның ұстанымдарын қолдайтынын айтып, ел дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Партияның Түркістан қалалық филиалы құрамында бүгінде 7985 партия мүшесі тіркелген. Олар 16 бастауыш партия ұйымына бірігіп, қаланың қоғамдық-саяси өмірінде белсенді рөл атқаруда. Әрбір БПҰ өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Партиялық құрылымдардың белсенділігі мен ұйымшылдығының жарқын көрінісі ретінде жуырда өткен Түркістан облыстық бастауыш партия ұйымдары арасындағы байқауда «Түркістан» БПҰ үздік деп танылып, республикалық кезеңге жолдама алғанын атап өтуге болады. Бұл – қаладағы партиялық жұмыстың сапалы ұйымдастырылғанының, тұрақты дамып келе жатқандығының айқын дәлелі.

Қазіргі таңда қаладағы барлық бастауыш партия ұйымдары заманауи жұмыс кабинеттерімен толық қамтылып, материалдық-техникалық базасы жүйеленген. Бұл өз кезегінде азаматтарды қабылдау, қоғамдық кездесулер өткізу, партиялық жобаларды іске асыру жұмыстарын сапалы деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымдарында тұрақты түрде фракция мүшелерінің қатысуымен кездесулер мен қоғамдық қабылдаулар өткізіліп келеді. Мұндай кездесулер барысында азаматтар тарапынан көтерілген мәселелерге назар аударылып, нақты ұсыныстар мен шешу жолдары қарастырылады. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде бірқатар тұрғынның өтініштері оң шешімін тауып, тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы нақты көмек көрсетілуде. Бұл – партияның халықпен тығыз байланыста екенінің, әрбір азаматтың үнін еститін құрылымға айналғанының көрінісі. Партия қатарына қосылған жандар да осынау жұмыстардың бел ортасында жүреді деген сенім мол.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды