Бүгін Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтың төрағалығымен орындаушылық тәртіптің орындалу барысына арналған кезекті мәжіліс өтті. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында облыс және қала әкімдерінің 2025 жылғы мәжілістерінде берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, қала әкімінің тұрғындармен кездесуі мен жеке қабылдауы кезінде көтерілген мәселелердің жүзеге асырылуы, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің орындалуына жүргізілген талдау қаралды. Сонымен қатар 2025 жылға арналған түйінді нысаналы индикаторлар бойынша 9 айдың қорытындысы баяндалды.
Қала әкімі аппаратының Өтініштердің қаралуын бақылау бөлімшесінің басшысы М.Байғұт баяндама жасап, азаматтардың өтініштері мен қала тұрғындарынан түскен сұрақтардың орындалу деңгейіне тоқталды. Мәжіліс барысында қала әкімінің қабылдауында және тұрғындармен кездесулерінде көтерілген бірқатар мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, Жер қатынастары, Коммуналдық шаруашылық, Сәулет және қала құрылысы, Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, Білім, Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімдері мен сектор басшыларына тиісті өтініштердің орындалуын қамтамасыз ету, зерделеу және нақты шешу жолдарын ұсыну міндеттелді.
Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау мен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі атап өтілді. Бос штаттық лауазымдарға конкурс жариялау, конкурстық рәсімдердің уақтылы өткізілуі және кадрлық тәртіптің сақталуы тапсырылды. Қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелерге, сектор басшыларына тұрғындармен кері байланыс орнату, кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша нақты тыңдау хаттамаларын әзірлеп, нәтижесін қала әкімінің қарауына ұсыну міндеттелді.
Мәжіліс барысында жылыту маусымына дайындық шеңберінде ақпараттық қауіпсіздік және мониторинг қызметтеріне тиісті мекемелермен байланыс орнату тапсырылды. Сонымен қатар хаттамалық тапсырмалардың орындалу мерзімін бұзған немесе тиісті шара қабылдамаған бөлім басшыларының жауапкершілігін қарау мәселесі көтерілді. Бұл ретте Коммуналдық шаруашылық, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары, Жер қатынастары бөлімдерінің жауапты қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шара қолдану ұсынылды.
Жиын соңында аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков барлық бағыттағы жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын тапсырды.

