«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, өңірлік Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөрееваның кезекті қоғамдық қабылдауы партияның Кентау қалалық филиалында өтті. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, қоғам сұранысын зерделеуге арналған қабылдауға партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров, қала әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысып, қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелердің шешу тетіктерін қарастырды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдау барысында Қалыйма Жантөреқызы инженерлік жүйелер мен жол инфрақұрылымының сапасын арттыруда облыстық мәслихат бастамалары туралы мағлұмат берді. Халықты әлеуметтік тұрғыда қамсыздандыру мәселелері бойынша жолдаған депутаттық сауалдарының нәтижелерін баяндады. Азаматтар көтерген жекелеген мәселелер негізінде депутат ретінде бастамашылдық танытқан сауалдар туралы айта отырып, облыстық партия филиалының Әйелдер қанаты бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қала тұрғындарының сенім мандатын иеленген депутатпен кездесуде азаматтар атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуына жәрдем көрсету, жолдардың жай-күйі, аулаішілік және магистралдық инфрақұрылым мәселелері, халық тұтынатын электр энергиясының сапасын арттыру, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кездесетін қиындықтар жөнінде өтініштерін білдірді.
Әрбір азаматтың сұрағы мұқият тыңдалып, өтініштердің заң жүзіндегі орындалу тәртібі түсіндірілді. Қалыйма Жантөреқызы көтерілген мәселелердің барлығы жеке бақылауға алынатынын, жауапты мекемелермен бірлесіп, олардың шешімін табуға ықпал ететінін атап өтті. «AMANAT» партиясы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу бағытында өзінің Сайлауалды бағдарламасының аясында нақты іс-қимыл жүргізіп жатқанына, оның нәтижесі қоғам игілігіне арналып отырғанына баса мән берілді.

