ӨТІНІШ ЖОЛДАҒАН ӘРБІР АДАМНЫҢ САУАЛЫНА НАҚТЫ ЖАУАП БЕРІЛУГЕ ТИІС

Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «AMANAT» партиясы азаматтардың өтінішін қарауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіп жатқаны белгілі. Партиямыз өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс деп біледі және өзінің жұмыс сипатын қоғамға мейлінше ашық форматта ұйымдастыруға басымдық беріп отыр. Осы міндетті басшылыққа алған партияның Түркістан облыстық филиалы қолға алған мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау кездесуі бүгін Кентау қаласында жалғасты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Азаматтардың өтініш-тілектеріне жедел әрі сапалы жауап беруді көздейтін қоғамдық қабылдау кездесуі қаладағы жастар ресурстық орталығында өтіп, партия ашып берген диалог алаңының мүмкіндігін пайдаланған тұрғындар қатары көп болды. Азаматтар білдірген сұраныстарға департамент және басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың қызметкерлері, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, банк және әлеуметтік сала мамандары, барлығы 60-қа жуық облыстық деңгейдегі мекемелер мен ұйымдардың өкілдері жауап берді.

Қоғамдық қабылдаудың ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, Түркістан облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелді Әліш, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Садуов, Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қабылан Елеусізов, партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров қатысып, азаматтармен ашық диалог жүргізуге қызмет ететін алаң тұрғындар көтерген барлық мәселені мүмкіндігінше шұғыл және сапалы шешуге ықпал ететінін түсіндіріп өтті.

— Мемлекет басшысының азаматтардың мәселесін кейінге қалдырмай, нақты әрі әділ шешу бойынша нақты тапсырмасы бар. Қазақстан Республикасының Президенті жүргізіп жатқан реформаларды іске асыруда «AMANAT» партиясы қоғамның сұранысын тыңдап, көтерілген өзекті мәселелерді шешуге тікелей қатысып отыр. Әрбір мәселенің артында бір отбасының, бір азаматтың тағдыры бар екенін жақсы түсінеміз. 2025 жылы облыстық партия филиалына 15 687 өтініш келіп түсті, азаматтар білдірген өтініштердің 10 547-сі немесе барлық өтініштің 67,2 пайызы оң шешімін тапты. Сонымен қатар 5082 өтініш бойынша құқықтық консультациялар берілсе, облыстық, аудандық, қалалық партия филиалдарында 3 488 қабылдау жүргізілді. «Құқықтық көмек» жобасы бойынша 107 қабылдау жүргізіліп, 787 азаматтың өтініштері тыңдалды. Кентау – өзіндік әлеуметтік және инфрақұрылымдық ерекшелігі бар қала екені белгілі. Мұнда тұрғын үй қорының тозуы, инженерлік желілердің жаңартылуы, жұмыспен қамту, жастар саясаты сияқты мәселелер жиі көтеріледі. Партия бұл түйткілдердің барлығын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешуге мүдделі. Бүгін айтылған әрбір өтініш бақылауға алынады, олардың орындалуы партиялық қадағалауда болады, – деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Қабылдау барысында партияның «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындардың өтініштері жеке-дара қаралды. Атап айтқанда, кентаулықтар тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, алимент, несие жүктемесі, мұрагерлік, отбасылық мәселелер және коммуналдық қызмет сапасына қатысты өзекті проблемаларын көтерді. Қабылдау жүргізген нотариустар мен адвокаттар құқықтық кеңестер беріп, медиаторлар даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу жолдарын түсіндірсе, «Отбасы банк» өкілдері тұрғын үй бағдарламалары мен жеңілдетілген несиелеу тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды. Көптеген өтініштер сол жерде шешімін тауып, бірқатары бақылауға алынды.

Қала тұрғындары тарапынан тұрғын үй қатынастары саласына қатысты көптеген сауалдар қойылды. Оның ішінде  көпқабатты тұрғын үйлердің тозуы, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі, ауыз су мен жылу жүйесіне қатысты мәселелер, кондоминиум құру мәселесіне қатысты сауалдар, көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, аяқжолдар төсеу, ойын және спорт алаңшаларын құру өтініштері айтылды. Орамішілік жолдарды қалпына келтіру, қосымша бағдаршамдар орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін қою, қауіпті жол учаскелеріне жасанды жол кедергілерін қою, жылдамдықты өлшеуіш құралдарын орнату мәселесі айтылды. Әлеуметтік сұраныстар қатарында денсаулық жағдайы бойынша мүгедектікті тағайындауға көмек беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға санаторлық мекемелерге жолдама беру мәселелері айтылды. Сондай-ақ қабылдау барысында жылу тарифіне қатысты мәселелер айтылып, газбен қамту саласындағы түйткілдер көтерілді. Арендалық пәтерді мүгедектігі бар азаматтың атына аудару, жастар практикасына қатысу талаптары бойынша азаматтарға кеңестер берілді.

Облыстық партия филиалы төрағасының қабылдауына келген Анар Таңатарова медицина саласы бойынша жеке мәселелерін шешуге көмек көрсеткен облыстық партия филиалына алғысын білдірсе, еңбек ардагері Кентау қаласының байырғы тұрғыны Құрманбай Жолдыбаев ақсақал қалада спорт кешенін салуға, спорттық инфрақұрылымды жақсартуға партияның ықпалы айрықша болғанын жеткізе отырып, қала тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді.

Тұрғындар мұндай көшпелі қабылдаулар халық пен билік арасындағы байланысты одан әрі нығайтады деген сенімдерін білдірді.

— Бұрын бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратынбыз. Бүгін барлық жауапты сала өкілдері бір жерде отыр. Сұрағымызға нақты жауап алып, мәселеміздің бақылауға алынғанына көз жеткіздік. Осындай мүмкіндік жасаған партияға алғысымыз шексіз, — дейді қабылдауға келген Кентау қаласының тұрғыны Айнагүл Мұратқызы.

Кентау қаласында өткен «AMANAT» партиясының көшпелі мобильді қоғамдық қабылдауы мақсатына сай ұйымдастырылып, іс-шара соңында қала әкімі партия өкілдеріне көрсетілген қолдау мен жүйелі жұмыс үшін алғысын білдірді.

— Бүгінгі көшпелі мобильді қоғамдық қабылдауда өңіріміздегі барлық мемлекеттік орган мен сала мамандарының бір алаңда жұмыс істеуі тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік болғанын атап өтуіміз қажет. Осы бастаманы көтеріп, ұйымдастырған «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына алғыс айтамын. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың өзекті мәселелерін уақытында анықтап, тиімді шешуге септігін тигізеді деген сенімдемін,- деді қала әкімі.

Партияның көшпелі қоғамдық қабылдауы түс қайта Қарнақ елді мекенінде жалғасады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды