ӨТІНІШ ИЕЛЕРІНЕ ЗАҢ АЯСЫНДА КӨМЕК КӨРСЕТУ ЖОЛДАРЫ КӨРСЕТІЛДІ

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының жұмыс жоспар-кестесіне сәйкес, Сауран ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дәуірхан Сейілбекұлы қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға аудандық партия филиалының қызметкерлері және жұмыспен қамту бөлімінің тиісті мамандары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы хабарлады.

Қабылдау барысында Шорнақ ауылдық округіне қарасты Қосмезгіл елді мекенінің тұрғыны Анарбаева Машхура ақылы қоғамдық жұмысты атқарғанын, алайда қараша айының жалақысы әлі күнге дейін түспегенін айтты. Сонымен қатар, декретке дейінгі міндетті әлеуметтік сақтандыру жарналарының төленуіне ықпал көрсетуді сұрады.

Аталған мәселе бойынша бөлім басшысы Дәуірхан Сейілбекұлы ақылы қоғамдық жұмыстың жалақысы келісімшартқа сәйкес 10 желтоқсанға дейін төленуі тиіс екенін түсіндіріп, декретке дейінгі міндетті әлеуметтік сақтандыру жарналарының төленуі бойынша тиісті мекемелерге хат жолданып, мәселенің шешілуіне ықпал жасалатынын жеткізді.

Сондай-ақ Шорнақ ауылының тұрғыны Абдилазизқызы Загира – атаулы әлеуметтік көмек алушы көпбалалы ана, қазіргі уақытта жұмыссыз екенін айтып, тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдем сұрады.

Мәселені тыңдаған бөлім басшысы Дәуірхан Сейілбекұлы азаматқа аудан аумағындағы бос жұмыс орындары ұсынылатынын, сондай-ақ жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында оқу курстарына және қоғамдық жұмыстарға жолдау мүмкіндігі бар екенін түсіндірді. Бұл мәселе тиісті мамандардың қатысуымен жеке бақылауға алынып, заңнама талаптарына сәйкес шешу үшін нақты шаралар қабылданатыны айтылды.

Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өтініш иелеріне заң аясында көмек көрсету жолдары көрсетілді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды