Білім ұялары есіктерін айқара ашып, балаларға құшақ жаятын қыркүйек айында тағы бір тамаша мереке бар. Ол — 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі. Осы мерекеге орай А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында А.Аубакиров, К.Құдайберген, П.Ангаралиева, Э.Ахмедова, А.Усербаевалардың ұйымдастыруымен мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қосып жүрген тұлғалармен, оқушылармен пікір алмасу мақсатында «Тілмен өрілген тағдырлар» атты дөңгелек үстел өтті.
Оқушыларға тілдің құдіретін, қасиетін ұғындыратын іс шараға Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы ретінде барып қатысып қайттым. Шараға осы мектептің түлегі, жас тіл жанашырлары Шымкент жоғарғы педагогикалық колледж студенті Меньшикова Ангелина да қатысты. Ол жастардың ана тіліне деген құрметін, сүйіспеншілігін арттыру туралы сөз қозғады .Оның мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайындағы ойлары, ізінен еріп келе жатқан жас жеткіншектерге, іні-сіңлілеріне үлкен ой салғаны анық. Оқушылар жастар арасында жас тіл жанашырларын көбейту жолдары туралы пікір алмасып, тағылымды ой түйді. Мектеп кітапханашысы Ақылбекова Индира оқырмандарға ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының құнды мұраларын кеңінен дәріптеу, шығармаларын таныстыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жасалған кітап көрмесімен таныстырды. Кішкентай қонақ Бейсалиев Месут ана тілі туралы тебіреніп, өлең оқыды.
Шара жоғары деңгейде, өтті. Әр мектеп қабырғасында осындай тілге құрметті арттыратын шаралар өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Оқушылардың санасына аз да болса сілкісін жасап, олардың ой-пікірлерін тыңдап болашағымызды жарқын еткеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдым. Ал шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүріп жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан мектеп ұжымына, педагогтарға шексіз алғысымды білдіремін.
Гүлшахар ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының мұғалімі