Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясының ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналғанын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, тазалық – сыртқы тәртіп қана емес, ол әр азаматтың ішкі мәдениеті мен адал ниетінің көрінісі. «Таза Қазақстан – әдемі ұран немесе бір реттік науқан емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы түсінікті ұрпақ санасына сіңіру өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Шын мәнінде, тазалық тәрбие мен мәдениеттің, экологиялық сананың айнасы. Қоршаған ортаны қорғау, туған жерге жанашырлықпен қарау әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы мақсатта Президенттің қолдауымен 2024 жылғы 8 сәуірде бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде жалпыхалықтық қозғалысқа айналды. Алғашында 11 мамырға дейін жоспарланған жоба ел тұрғындарының белсенділігі арқасында жыл бойы жалғасатын тұрақты бастама ретінде өз жалғасын тапты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған жоба аясында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асқан «Таза бейсенбі» акциясы да маусым айынан бастап апта сайын үздіксіз өткізіліп келеді. Соның бір дәлелі бүгін Ордабасы ауданындағы Қажымұқан ауылында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасы. Акцияға «AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат, ауылдық округ әкімі Бауыржан Нұрпейісов, әкімдік қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері, партия мүшелері, коммуналдық мекеме жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Іс-шара барысында қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесіне апаратын жол бойы қар мен қоқыстан тазартылып, айналаға көрік берілді. Бұл тек тазалық жұмысы ғана емес, тарихи тұлғаға деген құрметтің, ұлттық рухқа деген тағзымның көрінісі болды.
«AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат тазалық болашаққа деген жанашырлық екенін жеткізді. «Қажымұқандай алып тұлғаның ерлігі мен отансүйгіштігі жастарға үлгі болуы тиіс. Осындай игі істер арқылы біз жас ұрпақты еңбекке, тәртіпке және туған жерге жанашыр болуға тәрбиелейміз», – деп атап өтті.
«AMANAT» партиясы бұл бастаманы толық қолдай отырып, барша азаматтарды қоршаған ортаны таза ұстауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға және «Таза Қазақстан» идеясын бірге жүзеге асыруға шақырады. Өйткені қоршаған ортаның тазалығы бір күндік тазалаумен шектелмейтін, күнделікті өмір салты мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.

