Шардара ауданында маңызды экологиялық шара – «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне тұспа-тұс келген табиғатқа құрмет шарасына еліміздің барлық аймағы атсалысуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Акцияға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалына қарасты Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, аудандық мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен ерікті жастар қатысты. Олар өзен жағалауын қоқыстан тазартып, табиғатты қорғауға бағытталған игі іске үлес қосты.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы Шардара ауданы жағажай туризмі дамып келе жатқан бірден-бір аймақ. Мұнда отандық туризмді дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Көк теңіздің жағасы туризм саласы үшін тиімді саналады. Мұнда бүгінгі таңда 1 аквапарк, 4 демалыс орны бар. Жағалауда әр жылы 100 мыңнан аса адам күнге қыздырынып, суға шомылады. Туристердің саны жыл санап артып келеді. Жуырда ғана Шардара ауданындағы «Nur-delux» жағажайында шомылу маусымының ашылуы өтті.
«Таза бейсенбі» акциясына атсалысқан партияластар туристер жиі келетін нысандарға тазалық жұмыстарын жүргізді. Жағажай маңын күл-қоқыстан тазартып, өзен жағалауындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы қаптарға салып, тиісті орындарға жеткізді. Сонымен қатар, экологиялық тәртіпке байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жастар арасында экологиялық мәдениетті насихаттауға мән берілді. Осылайша қоршаған ортаға құрмет көрсетудің үлгісін көрсетті.
– Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл күн – табиғатты қорғау ісіне белсене атсалысып жүрген эколог мамандардың ғана емес, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын әрбір азаматтың мерекесі. Табиғат – адамзаттың ортақ үйі. Оны қорғау – бәріміздің басты міндетіміз әрі болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы – еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ауқымды бастама. Біз осы бастаманы қолдай отырып, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқымыз келеді, – деді акция кезінде сөз алған партияның Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет.
Тазалық акциясының Қоршаған ортаны қорғау күнімен тұспа-тұс келуі оның маңыздылығын арттыра түсті. Бұл күн – табиғатты сақтауға үлес қосып жүрген мамандар мен белсенді азаматтардың еңбегін ұлықтайтын, қоғам назарын экологиялық мәселелерге аудартатын ерекше сәт. Бүгінгі шара – тек бір реттік тазалық жұмысы ғана емес. Бұл – табиғатқа қамқорлықпен қарау, қоғамда экологиялық ойлауды қалыптастыру және келер ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыру жолындағы нақты әрекет.
Табиғатты аялау – ортақ міндет. Таза табиғат – жарқын болашақтың кепілі!