Жеңілдетілген бағамен (распродажа) сатып алынған тауар сапасыз болып шыққан жағдайда оны қайтаруға немесе ауыстыруға бола ма?
Егер сатушы тауардың кемшіліктері бар екенін және осы себеппен жеңілдікпен сатылып жатқанын сатып алушыға алдын ала хабарламаған болса, ол мұндай тауарды қайтарудан немесе ауыстырудан бас тартуға құқылы емес. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сатушы тауардың кемшіліктері туралы тұтынушыны алдын ала ескерткен жағдайда ғана мұндай тауар айырбастауға және қайтаруға жатпайды. Бұл жағдайда тұтынушы тауарды жарамды сапада деп қабылдап сатып алған, сондықтан Заңның 15-бабының 1-тармағы қолданылады. Аталған бапқа сәйкес тұтынушы төмендегілерді талап етуге құқылы:
- сатып алу бағасын тиісінше азайтуды;
- тауар кемшіліктерін тегін жоюды;
- тауар кемшіліктерін жоюға кеткен шығындарын өтеп беруді;
- тауарды осыған ұқсас маркаға (модельге, артикулға) ауыстыруды;
- тауарды басқа маркадағы (модельдегі, артикулдағы) осындай тауарға тиісті баға қайта есептелуімен ауыстыруды;
- шартты бұзуды және төленген ақшалай соманы қайтаруды.
Егер сапасыз тауарды сатушы оның өндірушісі болмаса, жоғарыда көрсетілген талаптарды тұтынушы өз қалауы бойынша сатушыға да, өндірушіге де қоюға құқылы.
Сонымен қатар, Заңның 30-бабына сәйкес, сатушы (немесе өндіруші) тауардағы кемшіліктер үшін олар туралы білмеген жағдайларда да жауапты болып табылады.
Егер сізге сапасыз тауар сатылған болса, сіз сатушыға жазбаша шағым беріп, жағдайдың мән-жайын көрсетіп, жауап беру үшін ақылға қонымды мерзім белгілеуге құқылысыз.

