ТАРИХИ-МӘДЕНИ НЫСАНДАРДЫ ТАЗА ҰСТАУ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы әр бейбенбі күні дәстүрлі түрде өтіп келеді. Еліміздің барлық өңірлерінде қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы бастама аясында «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының ұйымдастыруымен Созақ ауылы аумағында орналасқан тарихи-рухани маңызы зор Қарабура әулие кесенесінің айналасында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке қатысушылар киелі орын аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, шөп-шаламды жинап, абаттандыру және көркейту жұмыстарына атсалысты.

Тазалық шарасына Созақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Байкөбек Жомарт Жолдасұлы, «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлы, Созақ аудандық мәслихатының депутаты, партиялық фракция мүшесі Жадыгер Әлібеков, белсенді жастар, еріктілер мен ауыл тұрғындары белсене қатысып, экологияны қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін нақты ісімен көрсетті.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлы сөз сөйлеп, аталған экологиялық бастаманың маңызын атап өтті.

— Таза қоршаған орта халықтың денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясы әрбір азаматты табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үндейді. Бүгін Қарабура әулие кесенесінің айналасын тазалап қана қоймай, тарихи мұрамызға деген құрмет пен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді көрсетіп отырмыз. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады, – деді ол.

Іс-шара барысында тарихи-мәдени мұра саналатын нысандарды таза ұстау – ұлттық құндылықтарды сақтау мен оларды келер ұрпаққа аманат етудің маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді. Мұндай акциялар тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары мен жастар қауымы мұндай бастамалардың елді мекендердің көркін арттырып қана қоймай, жастардың бойында отансүйгіштік пен табиғатқа жанашырлық қасиеттерді қалыптастыратынын атап өтті.

«AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы алдағы уақытта да елді мекендерді абаттандыру, тарихи-мәдени орындарды қорғау, қоршаған ортаны сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды