Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында партияның Түркістан облысы бойынша Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасындағы «Мәдениет» бағыты бойынша атқарылып жатқан және алда жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар сараланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңес отырысын партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева ашып, жиынның негізгі мақсаты мен өзектілігіне тоқталды. Ол өз сөзінде жастардың тарихи санасын қалыптастыру, киелі жерлерге деген құрметті арттыру мен мәдени мұраны сақтау – партия үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді шешуде қоғам белсенділері мен жастардың шынайы атсалысуы қажет екенін тілге тиек етті. Отырысты одан әрі кеңес төрағасы Ханай Әшірбеков жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі басты тақырып Түркістан облысындағы қасиетті, тарихи-мәдени орындардың қазіргі жағдайы мен оларды қорғау мәселелері болды. Бұл жөнінде Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев жан-жақты баяндама жасап, облыс аумағындағы 1784 тарихи-мәдени мұра объектісінің ішінде 1 халықаралық, 40 республикалық маңызға ие ескерткіш бар екенін атап өтті.
Алайда, соңғы жылдары осы мұра нысандары түрлі вандалдық әрекеттерге ұшырап, тарихи құндылықтардың жойылу қаупі артып отырғанын жеткізді. Мысалы, Сауран ауданы Ескі Иқан ауылындағы «Иқан қалашығында» тұрғын тарапынан заңсыз құрылыс және қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл әрекеттерге байланысты тиісті органдарға хат жолданғанымен, мардымды жауап келмеген. Сонымен қатар, Отырар ауданындағы Қотан елді мекенінде де археологиялық қазбаларсыз жерді тегістеу жұмыстары орын алған. Аталған фактілер бойынша тиісті актілер түзілген және облыстық прокуратураға арыз жолданған.
Ержан Ибадуллаұлы сондай-ақ Сауран ауданының Яссы ауылдық округіндегі Шербай қорымында заңсыз қазба жұмыстары тіркелгенін атап өтіп, облыстағы қасиетті және маңызды орындарға өлкетану экспедицияларын өткізу, өңірдің киелі жерлерін абаттандыру жұмыстары бойынша кеңес мүшелерін ақпараттандырды.
Жиын барысында кеңес мүшелері тарапынан тарихи орындарды сақтау бойынша бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Ақбикеш мұнарасының ахуалы, Яссауи кесенесінде көрсетілетін ақылы қызмет сапасы мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі назарға алынды.
Кеңес төрағасы Ханай Асанұлы өз сөзінде киелі жерлердегі заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін арнайы жұмысшы топ құрып, елді мекендерді аралау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұраға құрмет көрсету – ұлттың рухани қауіпсіздігін қорғау екенін баса айтты.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар жинақталып, олардың орындалуы партияның тұрақты бақылауында болатындығы айтылды.