ТӘЖІРИБЕ МЕН ТАҒЫЛЫМ ҰШТАСҚАН МЕКЕМЕ

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір» орталығы – аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыруға арналған, парасат пен шығармашылық, тәжірибе мен тағылым ұштасқан мекеме. Орталықтың жұмысы ардагерлердің денсаулығын нығайтып, көңіл-күйін көтеруге, өмірге құштарлығын арттыруға бағытталған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы мақсатта жұмыс күндері күніне 4 сағатқа дейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, зейнеткерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бүгінде қала аумағында орталықтың 4 бөлімшесі жұмыс істеп, күн сайын 800-ге жуық зейнеткер, еңбек ардагерлері қамтылуда.

Жалпы, 2025 жылы 9 595 зейнеткерге 36 түрлі әлеуметтік, мәдени және сауықтыру қызметі көрсетілді.

Орталыққа келген ардагерлер алдымен дәрігерлік тексеруден өтіп, содан кейін өз қалауына сай қызмет алады. Таңғы сергіту жаттығулары, фитобар, физиотерапия кабинеті, психолог кеңесі, тренажер залы, массаж, емдік дене шынықтыру, хореография, йога, бассейн, тұзды кеніш секілді сауықтыру қызметтерімен қатар, бейнелеу және қыш өнері де ардагерлердің бос уақытын мәнді өткізуіне ықпал етеді.

Орталықтың өнерлі зейнеткерлері түрлі халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрінуде. «Жібек» әжелер би тобы Алматы қаласында өткен I Халықаралық «GOLDEN GRACE 60+» би конкурсы фестивалінде жүлделі III орынды иеленсе, Ташкент қаласында өткен «Азия өрнектері» халықаралық фестиваль байқауында «Қазына» би тобы I орын мен Гран-при жүлдесін жеңіп алып, еліміздің мәдени әлеуетін айқын көрсетті.

Орталықтың 4 бөлімшесінің мекенжайлары:

– Дулати көшесі, №64;

– Дулати көшесі, №160;

– Жібек жолы көшесі, №22/1;

– Нұрсәт шағынауданы, №107.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды