ТӘРТІП САҚШЫСЫ БОЛУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Түркістан облысы Полиция департаменті Ордабасы аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция майоры Іңкәр Рашидқызы Қошқарова – аналық мейірім мен қызметке адалдықты қатар ұстаған парасатты жан. Ол нәзік болмысымен қатар қайратты мінездің иесі ретінде ел тыныштығын қорғау ісінде үлкен жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап келеді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен полиция майоры Іңкәр Рашидқызы Қошқарова көп балалы аналарға арналған ең жоғары марапат «Алтын алқа» иегері атанды. Бұл марапат – оның өмірге әкелген жеті перзентінің, соның ішінде екі рет егіз баланың анасы атанған еңбегіне, отбасындағы мейірімі мен қоғам алдындағы адалдығына берілген жоғары баға.

Қызмет пен аналық парызды қатар алып жүрген Іңкәр Рашидқызының өмірі – табандылықтың, мейірімділіктің және әйел затының рухани биіктігінің жарқын үлгісі. Әріптестері оның сабырлы мінезін, әділ шешім қабылдай білетін парасаттылығын ерекше құрметтейді.

Бұл марапат – тек Іңкәр Рашидқызының емес, бүкіл ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына деген зор құрметтің көрінісі. Өз ісіне адал, ұлт пен қоғам мүддесі үшін аянбай еңбек етіп жүрген осындай парасатты аналардың табандылығы жас әріптестерге үлгі болып келеді. Тәртіп сақшысы болу – үлкен жауапкершілік. Ал сол міндетті аналық борышпен ұштастыра білу – нағыз ерлік пен жүректің мықтылығын көрсетеді.

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің ұжымы Іңкәр Рашидқызындай қызметкерлерінің барын зор мақтаныш санайды және оны мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтап, отбасына амандық, еңбегіне сәттілік, аналық бақыт пен қызметтік табыс тілейді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды