ТҮРЛІ ТАҒДЫРЛАРМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЛУ – ЖҮРЕККЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Түркістан қаласындағы “Конгресс Холл” кешенінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз өнер – тең мүмкіндіктер әлемі» атты театрландырылған шара өтті. Іс-шара мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және оларды мәдени ортаға тарту арқылы қоғаммен тығыз байланысты нығайтуға бағытталған. Бұл туралы “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Әлеуметтік теңдікті насихаттап, ерекше жандардың әлеуетін көрсетуге арналған маңызды бастама аясында Түркістан өңірінен жиналған балалардың қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы туындылар мен шығармашылық жұмыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, 40-қа жуық баланың қатысуымен мюзикл жанрында театрландырылған финалдық қойылым сахналанды.

Іс-шараға қатысқан “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, партия филиалы жанындағы “Әйелдер қанатының” әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қалыйма Жантөреева сөз алып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

– Бұл күн – мейірімнің, үміттің, тең мүмкіндіктердің және шынайы адамдықтың күні болды. Түрлі тағдырлармен бетпе-бет келу – жүрекке жауапкершілік жүктейді. Әйелдер қанатының көтерер жүгі – нәзік болса да, өте маңызды. Одан бөлек, “AMANAT” партиясының “Кедергісіз келешек” жобасы қоғамда инклюзия мен тең мүмкіндіктер қағидатын нығайтуды көздейді. Бұл бастама арқылы ерекше жандарға ғана емес, бүкіл қоғамға шабыт, сенім мен мейірім сыйланады, – деп атап өтті.

Аталған іс-шара – тағылым мен тәрбиеге толы рухани сабақ болды. Ерекше балалардың өмірге деген құштарлығы әрбірімізді ойлануға, тәубаға келуге жетелейді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды