Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты, «АК» партиясының Бас хатшысының орынбасары Зорлу Кюршадпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты талқылап, әріптестікті нығайту жолдарын қарастырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы қарым-қатынастың тереңдігіне тоқталып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға әрқашан қолдау болатынын жеткізді.
– Осы кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Біздің ортақ тіліміз бен тарихымыз бар. Өздеріңізге белгілі, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, қолдау көрсеткен –Түркия елі. Сондықтан, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым–қатынас ерекше екенін атап өткім келеді. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының елшілігі алғаш рет 1992 жылдың қазан айында Анкара қаласында ашылды. Түркия елі – еліміздің ең сенімді және ірі сауда әріптесі. Түрік инвесторларының біздің облысымызда инвестициялық жобаларын жүзеге асыруына жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.
Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Бауырлас Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстар жаңа деңгейге көтерілгенін тілге тиек етіп, ынтымақтастық екі ел үшін де жемісті болатынына сенім білдірді.
Түркістан облысында түрік компанияларының қатысуымен 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында халықаралық әуежайдың құрылысын «YDA Holding» компаниясы рекордтық қысқа мерзімде жүзеге асырды. Сонымен қатар Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында «Керуен – Сарай» туристік кешені салынып, халық игілігіне берілді. Бұл нысандар өңірде туризм саласын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Одан бөлек, облыста үкіметаралық келісім негізінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңіріміздің 20 индустриялық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда.
Екі ел арасында өзара тауар айналымы 2024 жылы 5 млрд. АҚШ долларға жетті. Оның ішінде, Түркістан облысымен 87,5 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорт 51,2 млн. АҚШ долларын құраса, импорт – 36,3 млн. АҚШ доллары.

