Көкшетау қаласында көру қабілеті төмен спортшылар арасында шахматтан VII Республикалық спартакиада өтті. Ауқымды додаға Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар еліміздің 16 облысынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Бұл – ерекше жандардың спорттағы ерік-жігері мен қайсар рухын танытатын маңызды алаңға айналды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жарыс жекелей және командалық форматта өтті. Түркістан облысының намысын Арыс қаласының танымал шахмат шебері, білікті жаттықтырушы Асатулла Сүпбаев, Түркістан қаласынан Қуанышбек Жұмаділдаев және Кентау қаласынан Әсел Амангелді қорғады. Өңір шахматшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, командалық есепте І орынды иеленіп, тарихи жеңіске қол жеткізді.
Айта кетейік, осымен жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған бұл спартакиада еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында бұқаралық және кәсіби спортты дамытуды, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат етеді.