Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында «Жергілікті өзін-өзін басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты семинар өтті. Бұл туралы «Ақ жол» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Шара Мемлекет басшысының мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған. Семинарға облыстық, аудан және қалалық мәслихат депутаттары, “Ақ жол” партиясының өкілдері Эльмира Темірбаева, Ардақ Мансұров, Әшімхан Баратов, Бекарыс Базаров, Махсут Хажиев, сонымен қатар ауыл әкімдері, аудан-қалалық мәслихаттың аппарат басшылары, ішкі саясат және жастар орталықтарының жетекшілері қатысты.
Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Шолпан Айтенова, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев пен М.Әуезов атындағы ОҚУ-ң «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Сакен Мәжібеков қатысып, баяндама жасады.
— Қазіргі таңда облыста 338 мәслихат депутаты бар. Осындай кездесулерден халықты толғандыратын 178 мәселе мәслихат бақылауына енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, депутаттар уран өндіретін компаниялардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция көлемінен төлейтін төлемдерді 2 пайызға көтеруіне қол жеткізді. Сондай-ақ, депутаттар шетелдік инвесторлардың келуіне қарсы болған Арыс қаласы мен Отырар ауданы тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірге инвестиция тартуға үлес қосты. Бүгінде шетелдік инвестор құны 200 млрд. астам теңгені құрайтын «Мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» бойынша ірі жобаларды іске асыруда. Нәтижесінде 50 мың гектардан астам жер игеріліп, 10 зауыт салынып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ, — деді, Нұралы Әлмаханұлы.