Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет» деген болатын. Соған сәйкес, Түркістан облысы Халықаралық туризм альянсы құрамына енуге ниетті. Бұл жайында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында “World Tourism Alliance” ұйымының басшылығымен өткен ресми кездесуде айтты.
Кездесу барысында тараптар Түркістан өңірінің туризм әлеуетін талқылап, халықаралық туристік серіктестікті кеңейту жолдарын қарастырды. Түркістан облысының Туризм басқармасы WTA құрамына мүшелікке өту жөнінде ресми өтінім берді. Альянс басшылығы бұл бастаманы оң қабылдап, қабылдау рәсімі 2025 жылдың күз айларында өтетінін растады.
Халықаралық деңгейдегі бұл қадам Түркістанның жаһандық туристік картадағы рөлін күшейтіп, шетелдік нарықтармен байланысын арттырады. WTA алаңында өңірдің мәдени мұрасы мен киелі орындарын таныстыру, инвестициялық жобаларды ілгерілету және туризм саласында үздік тәжірибемен алмасу мүмкіндігі туындайды. Зұлпыхар Жолдасов өңiрдiң туристік әлеуетін жандандыру үшін Еуразиялық туризм ассоциациясымен бiрлесе WTA ұйым мүшелерін Түркістан облысына қонаққа шақырды.
Айта кетейік, “World Tourism Alliance” (WTA) – әлемдік туризм саласындағы ықпалды коммерциялық емес ұйым. 2017 жылы құрылған ұйымның штаб-пәтері Ханчжоу қаласында орналасқан. Бүгінгі таңда құрамына 150-ден астам ұйым, 40-тан астам ел мүше болып отыр. WTA-ға мүше болу Түркістан облысына халықаралық форумдар мен көрмелерге қатысуға, сондай-ақ әлемдік туризм трендтерін ескеріп, өз стратегиясын жетілдіруге мол мүмкіндік береді.