ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР САНЫ 8,8%-ҒА ТӨМЕНДЕГЕН

Түркістан облысы Полиция департаментінде полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің төрағалығымен ведомство басшылығы, қызметтер мен аумақтық бөлімшелер бастықтарының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Жиында 2025 жылдың 9 айындағы жедел қызметтің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес барысында жедел жағдайдың жай-күйі, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметтік тәртіпті нығайту туралы баяндамалар тыңдалды. Облыста құқық бұзушылықтар саны 8,8% — ға төмендеген, ал қылмыстардың ашылуы 88,4 пайызды құрады.

▫️Өңірдің бас полицейі негізгі басымдықтар азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамның полицияға деген сенімін нығайту екенін атап өтті. Кибералаяқтық және есірткі қылмыстарына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және цифрлық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады деп жеткізді.

Бұдан бөлек, халық арасында құқық бұзушылықтардың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың, нашақорлықтың және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу бойынша профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге баса назар аударылды.

Кеңес қорытындысы бойынша полиция  генерал-майор Мұрат Қабденов анықталған кемшіліктерді жою, профилактикалық қызметті күшейту, жеке құрам арасындағы тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды