Кеше Парламент Мәжілісі 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдады. Бұл жаңа Бюджет кодексі негізінде қаралған алғашқы бюджет. Яғни жоспарлауға басымдық бере отырып, нәтижеге бағытталған және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың тиімділігіне ерекше назар аударады. Сонымен қатар, депутаттар алдында есеп беру тетіктері күшейтілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясы мүшесі Темір Қырықбаев хабарлады.
Бюджетті қабылдамас бұрын Мәжілісте ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, алдыңғы күні «AMANAT» фракциясының отырысында азаматтар мен бизнестің өзекті мәселелері талқыланды. Депутаттар халықтың нақты проблемаларын шешу мақсатында бірқатар түзетулер енгізді. Талқылау барысында қызу талас-тартыстар болды. Соның нәтижесінде ағымдағы жағдайда барынша теңгерімді бюджет нұсқасы қабылданды. Ең маңыздысы бірнеше жыл ішінде алғаш рет бюджет жобасы Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферттерсіз әзірленді.
Бір мандатты депутат ретінде мен үшін республикалық бюджеттің өз өңірімнің мәселелерін шешуге бағытталуы маңызды болды. Осыған байланысты Мәжілісте Түркістан облысына 2026 жылға қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат Отырар ауданының Қостерек және Шеңгелді ауылдарында, Бәйдібек ауданындағы Кеңсай ауылында газбен жабдықтау жүйесін салуға, Созақ ауданының Жартытөбе ауылында газ құбыры желілерін жүргізуге, сондай-ақ Түркістан мен Кентау қалаларындағы жылу желілерін реконструкциялауға жұмсалатын болады.
Тікелей менің сайлау округім Келес ауданының Достық және Қоралас ауылдарында газбен жабдықтау жүйесі мен газ реттеу пункттерін салуға 290 миллион теңге бағытталады.
Көріп отырғаныңыздай, бұл тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған нақты қадамдар.
Бұдан бөлек, депутаттардың бастамасымен бюджеттік субвенциялар есебінен өңірлерге қосымша қаржы бөлінеді. Оның ішінде Түркістан облысына 1 миллиард теңге бөлінетін болады. Бұл қаражат әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын дамытуға жұмсалады. Ал нақты нысандарды облыс әкімдігі айқындайды.
Сондай-ақ 103 миллион теңге «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға, соның ішінде «Агросауат» агрокомпетенция орталығын құруға бағытталады. Яғни, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға нақты мүмкіндік береді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып отыр.
Айта кетейін, «Ауыл аманаты» жобасы біздің өңірде жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Мысалы, Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылындағы жерлесіміз Данияр Қаратаевтың шаруашылығы бұл бастаманың табысты үлгісіне айналды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов барған осы шаруашылық кезінде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқудан өткен. Кейін ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 4 миллион теңге көлемінде несие алып, 8 сауын сиыр сатып алған. Нәтижесінде тұрақты табыс әкелетін сүт өндірісі жолға қойылды.
Осылайша, 2026 жылға арналған республикалық бюджетте Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Түркістан облысына жалпы 2 млрд. 603 миллион теңге бөлінді. Енді депутат ретінде мен осы қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын мұқият қадағалаймын. Бюджеттің әр тиыны халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің дамуына бағытталуы тиіс.

